Елде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесі ресми реквизит жариялады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесі төрағасы Оңайбек Әбділов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазір отандастарымыз үй-жайынан, мал-мүліктерінен айырылып, басқа жерге қоныстануға мәжбүр болып отыр. Сондықтан осы қиын жағдайда халыққа қол ұшын созу - әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Осыған байланысты Маңғыстаудан арнайы қаржылай көмек үшін шот ашуды жөн көрдік. Облыста жиналған қаржыны зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету мақсатында ашылған республикалық қорға жібереміз. Өйткені, республикалық қорға қай өңірге қанша қаражат керек екені белгілі. Оны әрі қарай тиімді пайдалануға және қаражат есебінің қайда жұмсалғаны туралы халыққа есеп беруге дайынбыз, - деді Оңайбек Әбділов.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова елде болған апатқа гуманитарлық көмек жіберілетінін айтты.
Жастар орталығы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау бекетін аштық. Ол жерге қаржылай емес, киім-кешек, гигиеналық заттар, азық-түліктер жинайтын боламыз. Тапсыратын киімдер таза, азық-түліктердің мерзімі өтпеген болуы тиіс, - деді Гүлмира Бурхандинова.
Сөз соңында спикерлер қазіргі әлеуметтік желіде бейресми шоттардың көп ашылғаны туралы айтып, халыққа ресми жарияланған реквизиттер арқылы ғана көмек көрсетуге кеңес берді.
Айта өтейік, су тасқынынан зардап шеккен отандастарымыз үшін материалдық және гуманитарлық көмектерді қабылдайтын бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді.
Реквизит:
БИН 061040004608
Шот KZ6094811KZT22030059
АО Евразийский банк
БИК EURIKZKA
Байланыс үшін: 8 (7292) 30-21-21, 8 (777) 751 72 11
Гуманитарлық көмек үшін қабылдау бекеті төмендегі мекенжайда:
6 ш/а “Жастар орталығы” ғимараты. Жедел желі: +7 (778) 253 94 05, Нұрасыл Нұрбергенұлы