Маңғыстауда жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі азаймай тұр. Соңғы 3 жылда 10-нан астам бала суицидке оқталған. Бұл туралы полиция қызметкерлерімен өткен «Жасөспірімдермен тиімді қарым-қатынас» тақырыбындағы тренингте айтылды.
Статистикалық дерекке сүйенсек, әлемде әрбір бесінші адам жасөспірім қатарына жатады. 11-12 жастан бастап, 15-16 жасқа дейінгі балалар осы санатқа кіреді. Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелер де соларға қатысты. Атап айтсақ, Маңғыстауда жасөсіпірімдер арасында суицидтен бөлек, құқықбұзушылық, оның ішінде ұрлық, төбелес, түнгі мезгілде жүру көрсеткіші көңіл көншітпей отыр.
“Сенімен Болашақ” РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен тренингте осы мәселелер талқыланды. Өңірдегі 2 қала, 5 ауданның 200-ден астам құқық қорғау қызметкерлері аймақтарында жұмыс барысында кездескен проблемаларды жеткізді.
Мәселен, Мұнайлы ауданы Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, бір ғана “Түнгі қаладағы балалар” шарасы кезінде қаңғыбастыққа салынған 40-қа жуық жасөспірім Маңғыстау облыстық бейімдеу орталығына орналастырылған. Түнгі 23.00-6.00 аралығында үйінен тыс жүрген жастардың ата-аналары жауапкершілікке тартылып, 61-і қолайсыз отбасы есебіне алынған. Әсіресе, есепте тұрған балалармен жұмыс жүргізу қиындық келтіреді. Сонымен қатар, ауданда суицидке оқталған жасөспірімдер саны азаймай тұр.
Мұнайлы ауданында өткен тренингте психолог Асем Телегенова алдымен, суицидке итермелейтін себептерді атап өтті. Оның ішінде жүйке жүйесінің сыр беруі мен әлеуметтік, қаржылық, отбасылық қиындықтардың шешімін таба алмау сияқты жағдайлар басты орында тұр. Ал, балалар арасындағы оқиғалар ата-ана арасындағы кикілжің, балалардың өзара кикілжіңі, мұғалімдер тарапынан айтылған ескертпелерден кейін орын алады екен. Қызметкерлер психологтан суицид жасауға бейім балалардың мінез-құлқы, оларға көмектесудің жолдары туралы ақпарат алды.
Ал, Қарақия, Маңғыстау ауданы полиция өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық белең алса, бейнеулік жасөспірімдерде ерте жүктілік пен зорлық-зомбылық оқиғалары көбейген.
Әр ауданда өткен тренингте осы көрсеткіштер бойынша жасөспірімдермен қарым-қатынас жасау жолдары айтылды.
Бұдан бөлек, “Сенімен Болашақ” РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен тренингте жасөспірім жастағы кризис ұғымы, түнгі мезгілде ауыл арасында жиі жүретін балаларды бақылау, олардың ата-анасына қадағалау бойынша кеңес беру, әр жастағы балаларда кездесетін мәселелерді оңтайлы шешу жолдары бойынша дәріс оқылды.
-Шараны «Сенімен Болашақ» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырып, облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Жалпы, өңір бойынша 200-ден астам құқық қорғау қызметкерлерін қамту жоспарда тұр. Тренингте мамандар қызметіне қажетті сұрақтарды да қойды. Оның ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалармен қарым-қатынас орнату тәсілдері, суицидке бейім балалардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету және лудомания, ойынқұмарлық мәселелері, деструктивті діни ағымдар туралы сауалдарға жауап берілді. Сонымен қатар, бірлестіктің миссиясы мен мақсаты және еліміздің басқа өңірлерінде жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылды,-деді психолог Асем Телегенова.
А.Ашықбаева