Ақтауда қалалық мәслихаттың бос депутаттық мандаттарына үміткерлерді сайлау бойынша 27 шағын аудандағы №16 мектепте орналасқан №14 сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған білім беру ошағындағы сайлау комиссиясында таңертеңгі сағат 7:00-ден бері шағын аудан тұрғындары өз таңдауын жасап, таңдаған үміткерге дауыс беруде.
Сайлау комиссиясының мүшелері келген адамдарға тиісті нұсқаулығын орындап отыр. 27 шағын аудан тұрғыны Руслан Амантаев бүгін өз таңдауын жасағанын айтып, пікірімен бөлісті.
"Сайлауға қатысу туралы бюллетенді алған соң тиісті күні келіп дауыс беріп отырмын. Жалпы, өзім осындай науқан сайын қалыс қалмаймын. Дауыс беруді еліміздің азаматы ретінде міндетім деп білемін. Бүгін біздің учаскедегі орынға келіп, қалалық мәслихаттың депутаты болуға лайық деп санаған үміткерге дауыс бердім", - деді Руслан Әбілұлы.
Бүгін Ақтауда қалалық мәслихат депутаттарына дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Саяси науқанға облыс орталығында үш округ бойынша 10 үміткер қатысып жатыр.