Су — тұрмыс үшін мұнайдан да маңызды байлық екенін айтпасақ та түсінікті. Сенектегі "Түйесу" кенорнында табиғаттың өзі тазартып, құм сүзгіден өткізіп берген таза табиғи судың мол қоры бар. Сол байлықты игеріп, жарты ғасырдан астам уақыт ел игілігіне жаратып, еселі еңбек етіп келе жатқан сушылар қауымы қос мерекені бірге тойлады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Айта кетейік, су өндіру және тасымалдау басқармасы қарамағындағы "Түйесу" кен орнының құрылғанына былтыр 50 жыл толған болатын. Тойлауға талпынғанымен түрлі себептерге байланысты кейінге қалдырылған. Міне, сол мерейтой енді, наурыз мерекесімен бірге тойланды.
Сушылар мерейлі мерекесін жақсы дайындықпен қарсы алып, жоғары деңгейде өткізді.
Әуелі мекемеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш тақталар жүйесін орнатыпты. Аулаға ағаш үйлер тігіп, су өндіру мекемесінің ардагерлері мен құрметті қонақтарын арнайы шақырған.
Мерекенің шымылдығы "Мұнайшы" мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген сахналық қойылыммен ашылған соң,
"Түйесу" кен орнының басшысы Сағдат Наурызмағанбетов, аудан, ауыл басшылары мен Түйесудың ардагерлері құттықтау сөз сөйледі.
Түйесу кен орны ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтаған аудан әкімінің Алғыс хатын орынбасары Асан Әділұлы табыстаса, мерейлі жасқа толған осы мекеменің ардақты ардагері Қойшыбай Нұрғараевқа Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетовтің Құттықтау хаты тапсырылды. Бұдан соң су шаруашылығына еңбегі сіңген азаматтар мен ардагерлер марапатталды.
Мереке барысында сушылар құрметіне қойылған мемориалдық тақтаның лентасы салтанатты түрде қиылып, шымылдығы түрілді.
Мерекенің мерейін асырған тағы бір жаңалық — осы мекемені 38 жыл басқарған ардагер мұнайшы, су шаруашылығының майталманы, Қарақия ауданының Құрметті азаматы Қойшыбай Нұрғараевтың мерейлі жасының атап өтілуі болды. Оның үстіне ардагердің Түйесу тарихымен тамырлас арда ғұмыры, еңбек жолы, жалпы, Түйесу мен Сенектің тарихы еңбек адамдары туралы Шынар Кендіннің "Дала академигі" атты жаңа кітабы басылып шыққан болатын.
Сол кітаптың теңі де осы тойдың үстінде шешіліп, Қарақия ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, ақын Төлеп Қосжанов пен жаңаөзендік құрметті қария Саламадин Жүгенбаев
салтанатты түрде лентасын қиды.
Айтпақшы, жоғарыда айтып өткен "Еңбек адамына құрмет" мемориалдық тақталар жүйесінде сушылар құрметіне арналған Шынар Кендіннің сөзіне жазылған Марат Ордабаевтың "Түйесу маршы" әні де бар.
Осылайша, "маңдайы терлеп, табаны кірлеп" еңбек еткен еңбек адамына құрмет көрсетудің ерекше үлгісі Түйесу кен орнында жасалды.
Олар, сушыларға арналған әннің сөзін мәрмар тасқа ойып жазып, ескерткіш тақта орнатты.
Ескерткіш тақталар жүйесінде одан басқа, мекеменің ардагерлері, еңбек майталмандары, әр жылдарда ұжымды басқарған басшылардың есімі мен тарихи оқиғалар датасы жазылған.
Жаңа әнді алғаш рет сахнада орындаған адам да атақты әнші немесе жұлдыз емес. Қарапайым ғана сушы - мұнайшы. Су өндіру және тасымдалдау ұйымының Жетібайдағы бөлімшесінің дәнекерлеушісі Ауғанбай Тайманов — қарапайым еңбек адамы.
Мерекелік шараны өнерпаздар әнмен әрлеп, күмбірлі күйге бөледі. Тойшы қауымға ақ дастархан жайылып, сый-сияпат көрсетілді.
Аядай ауылда тұрса да атағы аймаққа мәлім сушылардың еңбегі адал, өнімі — өзен. Қарапайым еңбек адамына қандай құрмет көрсетсе де артық емес.
Мереке құтты, ел мерейлі бола берсін!