Бүгін Ақшұқыр ауылының Бегей жерінде 40 тұрғын үйге газ құбыры тартылып, іске қосылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға аудан әкімі Рахат Елтизаров арнайы қатысып, көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындарды құттықтады.
- Тұрғындарды газбен қамту мұнымен тоқтамайды. Бұл жоба аясында ауылдың басқа да көшелері мен үйлеріне газ құбыры тартылып, тұрғындар игілігіне берілетін болады, - деді аудан әкімі.
Аудан әкімі Бегей жері тұрғындарының өтініштерін қабылдап, газ қосуға мұрындық болған "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Маңғыстау облысы ұжымына алғыс білдіріп, марапаттады. Сонымен қатар қоныстанушы тұрғынға сертификат табыстады.
Осы уақытқа дейін Ақшұқыр ауылының теңіз жағалауы мен Бегей жеріндегі жерлерді қосқанда 1500-ге тарта учаскеге газ желісінің қажеттілігі анықталып, жобалық-сметалық құжаты дайындалған болатын. Түпқараған ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, биыл қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған құрылыс толық аяқталғаннан кейін ауылдағы газ мәселесі бір жола шешіледі.
Мердігер мекеме – «Шебер құрылыс» ЖШС. Жоба аясында Бегей жерінен бөлек, І, ІІ, V орамдары, Т. Кезбаев, Ж. Қазиев, Қ. Бекжанов, Б. Әбілхайыров көшелеріндегі тұрғын үйлер газбен толықтай қамтылады. Аталған жұмыстар 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.