«Жұлдызай» қайырымдылық қорының «Мүмкіндік» жобасы аясында Санкт-Петербург қаласының балалар травматолог - ортопед дәрігері, профессор И.В Шведченко және балалар дәрігері травматолог-ортопед А. Кольцов Маңғыстау облысына келді. Ол Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында аяқ-қолының ақауы бар 15 балаға ота жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Аяқ-қолдың әртүрлі даму ақаулары бар, оның ішінде артрогрипоз, туа бітті пайда болған аурулар, саусақтарының туабіткен кемістігі, саусақтары бір-біріне жабысып туған немесе саусақтары алшақ болып туған балалар, қолдарының қисық бітуі, тізе-буын, аяқ басының қисаюы сырқаты бар балаларға ресейлік және өңірдің ортопед-хирургтартары бірлесе отырып операция жасады.
Сонымен қатар балаларда “қол мен аяқтың туа біткен ақауы” болған кезде
“операциялық емдеу әдістері” бойынша маңғыстаулық дәрігерлердің білімін жетілдіріп, тәжірибелерін арттыру мақсатында шеберлік сабағы да өтіп жатыр. Шеберлік сабағына тек Маңғыстау өңірі емес өзге де облыстардан осы саланың дәрігер-хирургтары қатысуда.
-Ресейлік дәрігерлердің қатысуымен «Қол мен аяқтың туа біткен ақауы» тақырыбы бойынша шеберлік сабағы өтіп жатыр. 3-маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін қол мен аяқ басының әртүрлі аурулары бар 15 балаға ота жасалды. Осындай шеберлік сабағының әрқайсысы – кәсіби деңгейді көтеру болып табылады. Мұндай мүмкіндікті ұсынған “BI Жұлдызай” қайырымдылық қорына көп-көп рақмет айтамыз. Ғалымдардың тәжірибесі, олардың ашқан жаңалықтары, операцияның жаңа әдістері үнемі қажет», - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирург-травматолог дәрігері Құрман Қайранов.
Айта кетейік, ресейлік дәрігерлер маңғыстаулық балалардан бөлек Ақтөбе, Орал қаласынан келген балаларға ота жасап жатыр. Сонымен қатар балалар мен оның ата-анасына медициналық кеңес берді.