№2 Жаңаөзен қалалық емханасы заманауи цифрлы микроскоппен толықты. Енді жаңа цифрлы микроскоп түрлі зерттеулерді монитор арқылы көрсетіп, тез әрі нақты нәтиже бере алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Атап айтсақ, құрылғы бактериялогиялық, гинекологиялық жұғындарды, қан түйіршіктерін, құрттарды, несеп жолдарынан қаралатын талдауларды сапалы түрде көрсететін мүмкіндікке ие. Осы анализдер арқылы дәрігерлер диагноз қойып, науқастарды емдейді.
Бұрын мамандар мониторсыз микроскопты қолданып келген. Енді жаңа құрылғы арқылы суретті компьютер экранынан көріп, нәтижесін шығаруда. Зертханашы Нұржамал Отарованың айтуынша, 1 талдауға орта есеппен 10 минут уақыт кетеді. Зертхана бұған дейін гематологиялық, иммунологиялық, биохимиялық және несеп анализаторларымен қамтылған. Мұның барлығы тұрғындарға жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсету мақсатында алынып отыр.
Сонымен қатар емханада озық тәжірибелі орталық ашу жоспарлануда. Ол үшін профессорлар сараптама жүргізіп, статистикалық мәліметтердің жақсаруына байланысты осы емхананы белгіледі. Орталық кешенді медициналық әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, кезекті азайтып, сервистік қызметті күшейту мақсатында іске қосылмақ. Қазір арнайы шақырылған эксперт мамандар қызметкерлерді оқытып жатыр.