Бейнеу ауданына Қарақалпақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімі Рахымжан Шалбаев қарақалпақстандық делегацияны қарсы алып, жеке қабылдау жүргізді. Көрші республикадан өкіл ретінде Қарақалпақстан денсаулық сақтау министрінің емдеу ісі бойынша орынбасары Акмал Аскаров, республикалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Атабек Кутлымуратов, республикалық көз ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Жанибек Байжанов, республикалық онкологиялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрмұхамед Палуаниязов келген. Жеке қабылдауда аудан әкімі ауданның құрылымын, демографиясын, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларын таныстырып өтті. Медицина мамандары келген мақсатымен бөлісті.
Кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Бейнеу аудандық аурухана қызметкерлерімен жиын өтті. Күн тәртібінде денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті дамыту, өзара тәжірибе алмасу мәселесі қаралды.
Қарақалпақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының мүмкіндіктері мен артықшылықтары, дәрігерлер құрамы, жеткен жетістіктері, заманауи медициналық құрал-жабдықтар және емдеу орталықтары жөнінде ақпарат берілді. Әсіресе онкологиялық аурулар, көз ауруларын емдеу, оңалту шаралары кеңінен айтылды. Бейнеу аудандық ауруханасының қызметкерлері өз кезегінде сұрақтар қойып, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, шетелде тәжірибе алмасу, емдеудегі ерекшеліктермен бөлісу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.