Маңғыстау облысында 15 сәуір мен 15 маусым аралығында өткен «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1 533 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабымен, яғни «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша 1 026 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл туралы брифингте ЖПҚБ Табиғатты қорғау полиция тобының ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Айдос Қойшыбаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабы, яғни ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 507 құқықбұзушылық анықталып, тұрғындарға 9 миллионнан теңгеден астам айыппұл салынды.
-Тазалық акциясына Маңғыстау облысының полиция департаментінен 252 жеке құрам қызметкер жұмылдырылды. Акция барысында департамент интернет ресурстары арқылы өткізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін жариялап отырды. Жалпы жыл басынан бері өңірде тазалық сақтамаған ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабымен 1 691 тұлғаға 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Өндірілгені й 10 351 528 теңге, яғни - 51 %, - деді Айдос Қойшыбаев.
Сондай-ақ, брифинг барысында
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында қалаішілік, ауданішілік шағынаудандардағы бордюрлерді әктеу, қала, аудан көшелері, тұрғын үй аулалары, автомобиль жолдары, шағын және орта кәсіп объектілері айналасын қоқыстан тазарту, абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев өңір тұрғындарына қоршаған орта мен қоғамдық орындарда күл-қоқыс тастау деректеріне куә болса департаментке жедел хабарласуы керек екендігін жеткізді.
-Тиісті емес аумаққа төгілген қоқыс қоршаған ортаны алып полигон аумағына айналдырады. Жаз айында аптап ыстық салдарынан полигондарда өрт тұтануы мүмкін. Сондықтан тұрғындар заңсыз қоқыс тастауға тосқауыл қоюы тиіс. Тазалық талаптары сақталмаса, фото-видеоға түсіріп, 8705-542-77-77 ватсап желісіне жіберуіңізге болады. Біз қажетті шараларды қолданамыз, - деді Армат Жүсіпқалиев.