© ЦОК
Маңғыстау облысында үкіметтік емес ұйымдар арнайы қор құру арқылы халыққа көмек беру мақсатында өз жұмыстарын бастады. Бұл туралы брифингте «Шуағыңды шаш» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Шамшадинова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, өңір аумағында түрлі бағытта арнайы жоспар аясында өз қызметін жүргізетін сан алуан үкіметтік емес ұйымдар бар. Олар ортақ мүдде жолында жұмыс істеп келеді. Сондай қоғамдық қордың бірі — «Шуағыңды шаш» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жаңа жобаны жүзеге асыратын болады.
- Бұл жоба арқылы Маңғыстау облысы тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырғымыз келеді. Сол себепті 4 әлеуметтік эксперименттік ролик және 2 аудиоролик әзірлеу жоспарда тұр. Сондай-ақ, өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізу бойынша кемінде 3 000 азаматты жанама қамту арқылы 2 қала, 5 ауданда (кемінде 20 елді мекенде) ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізіледі және кемінде 500 дана үлестірмелі материалы әзірленіп, таратылады, - деді Арайлым Шамшадинова.
Сонымен қатар, 2018 жылы өз жұмысын бастаған «Әсер» қоғамдық бірлестігі 6 жыл ішінде шағын әлеуметтік маңызды бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Осыған байланысты «ӘСЕР» ҚБ жоба менеджері Маржан Орынбасарованың айтуынша, бұл жоба Маңғыстау облысында әкелер институтын қалыптастыру, отбасындағы тәрбие берудегі әке рөлін нығайту үшін арнайы жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, әрбір баланың жетістікке жетіп, қоғамда өз орнын тауып, жеке тұлға болып қалыптасуына әкенің еңбегі ерекше. Сол себепті бұл жоба — маңызды жобалардың бірі.
Осы тұрғыда «Көмек командасы» қоғамдық қорының жоба менеджері Келдіқожа Рабаев өз тарапынан кезекті жобаны таныстырды.
- «Көмек командасы» қоғамдық қоры МО ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Отбасылық құндылықтарды насихаттау және әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру» бағытында әлеуметтік жобаны іске асыруды бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – Маңғыстау облысында отбасы саясатына оң пікір қалыптастыру және әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру. Аталған әлеуметтік жобаның негізгі нәтижесі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамда отбасының жағымды бейнесін қалыптастыруға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталады, - деді Келдіқожа Рабаев.