Облыстық стоматологиялық орталықта МӘМС жүйесі қалай іске асырылып жатыр? Кімдерге тегін көмек көрсетіледі? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін облыстық стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықовпен тілдесіп қайттық.
-Қуат Сағидоллаұлы орталықтың жұмысымен қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қандай стоматологиялық қызмет түрлері көрсетіледі? Қанша маман жұмыс істейді?
-Біздің орталықта стоматологиялық көмектің барлық түрі қамтылған. Тісті емдеу, жұлу, жұлудан кейінгі асқынуларды емдеу(альвеолит, флегмона, абцесс) имплант салу, брекет системасын орнату, туа біткен ақауларға пластина, протездің барлық түрлері, коронкалар, қызыл иек ауруларын емдеу, оның ішінде балаларда көп кездесетін стоматит және де тағы басқа қызыл иек ауруларында қолданатын физиокабинет, медициналық тексерістер, тағы да басқа ауыз қуысына қатысты емдік іс-шаралар жүргізіледі. Орталықта 4 бөлім бар. Олар -бюджет, хирургия, ортопедия, терапия. Барлық маман саны -145, олардың ішінде дәрігерлер саны- 56 адам, қалғандары медбике, еден жуушылар, бухгалтерлер.
-МӘМС аясында қандай қызмет көрсетіледі?
-Стоматологиялық көмек жоспарлы және шұғыл тәртіпте 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.
-Жоспарлы стоматологиялық көмекті кімдер алады? Оған қандай көмек түрі кіреді?
-Жоспарлы стоматологиялық көмек – бұл ауыз қуысының, тіс пен қызыл иектің саулығын сақтау үшін операциялық емдеу. Атап айтқанда, тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар. Тіс жегіні емдеу, тіс өңезін және тіс тасын алу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу. Жоспарлы көмек профилактикалық іс-шаралар кезінде, науқастың өміріне қауіп төндірмейтін, шұғыл және шұғыл медициналық көмекті қажет етпейтін аурулар мен жағдайларда көрсетіледі. Жоспарланған көмек мыналарды қамтиды: 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерді ( тек ортопедиялық пен ортодонтиялық көмек кірмейді). Атқарылатын көмектер-ауырсынуды басу арқылы тісті жұлу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу.
-Шұғыл стоматологиялық көмекті кімдер алады? Оған қандай көмек түрі кіреді?
Шұғыл тіс емдеу науқастың өміріне қауіп төндіретін өткір аурулар мен созылмалы аурулардың өршуі кезінде қарастырылған. Пациенттер шұғыл стоматологиялық көмекті учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз ала алады. Ол әдетте келесі жағдайларда қажет: анестезия, тістің рентгені, тісті алып тастау, дайындау және толықтыру, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцесстің ашылуы.Шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде де, стационарлық жағдайда да көрсетілуі мүмкін. Бұған күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті ем түрлері кіреді. Сондай-ақ, невралгияны, невритті, стоматиттің өткір түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу жатады. Сонымен қатар абсцессті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау. Жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту. Қатерсіз өсінділер мен эпулисті алып тастау. Еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3 – топтағы мүгедектігі бар адамдар, « Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар шұғыл стоматологиялық көмекті ала алады.
-Биыл МӘМС аясында қанша ота жасалды?
-Биыл 3 айдың қорытындысы бойынша біздің орталықта шұғыл жағдайда 562 ота жасалынса, жоспарлы 235 ота жасалды. Барлығы міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында ақысыз негізде жасалды.
-Орталықта қанша туа біткен патологиямен науқас бар. Оларға қандай көмек көрсетіледі? Тегін бе?
-Облыстық стоматологиялық орталыққа тіркелген туа біткен патологиямен 250 бала бар. Барлығына тіс –жақ ақауларын жоюға арналған аппарат қойылды. Соңғы 3 айда 43 ортодонтиялық пластиналар қойылды.
Айта кететін жайт, стоматологиялық көмекті емханалар жанындағы стоматологиялық кабинеттен де, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жеке стоматологиялық клиникалардан да алуға болады. Өзекті тізбені әлеуметтік медициналық сақтандыру қорыныңң fms.kz ресми сайтындағы «Медициналық қызметтерді сатып алу – КДҚ жеткізушілер» бөлімінен табуға, сонымен қатар, 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.
Сұқбатыңызға рақмет.
З.Әбділ-Саттар