Ұлттық индустрия және туризм қауымдастығының президенті Раушан Шәмілқызы және Маңғыстау облысының туризм басқармасының өкілдері «Пекин-Париж» автораллиінің ұйымдастырушыларымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, бұл кездесудің мақсаты – ұйымдастырушылармен бірге еліміздің қызмет көрсетудегі артықшылықтары мен кемшін тұстарын талқылау.
Ұлттық индустрия және туризм қауымдастығы президентінің айтуынша, бұл іс-шара ел туризмінің ілгерілеуіне үлкен үлес қосады. Өйткені ұйымдастырушылар еліміз жайлы ақпаратты шетелдік сайттарға жүктеп жатыр.
- Біз шетел азаматтарының елімізге қатысты ой-көзқарасын дұрыс қалыптастыра алғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта Қазақстан да осындай автораллиге қатысса деген ойымыз бар. Біз бұл жиында кемшіліктер мен артықшылықтарымызды талқыладық. Дегенмен шетелдіктердің әсері керемет, - деді Раушан Шәмілқызы.
Айта кетейік, Маңғыстау аумағына 6 маусым күні 27-ге жуық ел өкілдерінің әлемге танымал «Пекин-Париж» автораллиінің көліктері келіп, Бакуға пароммен жол тартты.
- «Пекин-Париж» автораллиі автоспорт тарихындағы ең көне іс-шара деп айтуға болады. Біз ұзақ жолда көптеген аумақтар мен елдерді кесіп өтеміз. Әртүрлі ұлт өкілдерін көруге мүмкіндігіміз бар. Біз үшін Қазақстан елі таулардан басталып, шөлді қыратымен аяқталды. Көліктеріміз жол бойы кезіккен жандарға ерекше әсер етті, - дейді Hero-era.com компаниясының басшысы Томас де Варгас Мачук.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара 2025 жылы жалғасады.