Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев пен «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов автокөлік жуу орталығының иелерімен кездесіп, ауыз су қысымын реттеу мақсатында кәсіпкерлерге уақытша белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеуді сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі ауыз су қысымын арттыру мәселесі бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып, су қысымын реттеу үшін кәсіпкерлерден уақытша бір апта көлемінде белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеуді сұрады.
- Жаз мезгілінің келуімен ауыз суды пайдалану көлемі артты. Біздің тарапымыздан тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету және ауыз су қысымын арттырудың тиімді тәсілдерін енгізу бойынша шаралар қабылдануда. Қалада қазіргі таңда 70 автокөлік жуу орталығы бар. Олардың барлығы осыған дейін берілген техникалық шарт арқылы ауыз суды пайдаланып отыр. «Каспий жылу, су арнасы» МКК ақпаратына сәйкес, жылдан жылға автокөлік жуу орталығындағы ауыз суды тұтыну көлемі артып отыр. «МАЭК» ЖШС модернизациясы жүргізіліп жатыр. Су қысымын реттеу үшін автокөлік жуу орталығының иелерінен уақытша 1 апта көлемінде белгіленген кестеге сәйкес, яғни 8:00-ден бастап 13:00-ге дейін жұмыс істеулеріңізді сұраймыз. Біз бірінші кезекте тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Осы мәселеге түсіністік танытуларыңызды сұраймыз, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
Жиында «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов судың ең көп пайдаланатын уақыт түскі уақыттан бастап түнге дейін екенін түсіндірді. Сондықтан белгіленген кестеге сәйкес автокөлік жуу орталықтарының жұмысы 8:00-13:00 аралығында жүргізілгені дұрыс екенін айтты.
- Қалада ауыз су қысымы бойынша мәселе бар. Түскі уақыттан бастап түнге дейін суды тұтыну көлемі артады. Сондықтан автокөлік жуу орталығының иелері белгіленген кестеге сәйкес жұмысты 8:00-13:00 аралығында жүргізгені дұрыс. Ешқандай автокөлік жуу орталығының суын шектемейміз. Тек сіздерден ауыз су мәселесіне түсіністік танытып, белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеулеріңізді сұраймыз, - деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов.