Ақтауда 5 шілде күні қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тәртіп сақшылары рейд жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға қалалық полиция басқармасының қызметкерлері, қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты. Қызметкерлер рейдті әр шағын ауданға бөлініп жүргізді.
Шара барысында теңіз жағасындағы заңсыз сауда орындарын анықтау, көңіл көтеретін орындардағы тәртіпті қадағалау жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлері заңды өкілсіз 23:00-ден кейін тұрғын үйден тыс жерде жүрген кәмелеттік жасқа толмаған балаларды анықтап, әкімшілік хаттама толтырды.
- Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Ақтау қалалық полиция басқармасы күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Рейд жұмыстары жасөсіпірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді. Сондықтан ата-аналардан жасөспірімдердің тұрғын үйден тыс жерде жүрмеуін қадағалауды сұраймыз. Мұндай факт анықталған жағдайда жасөспірімнің заңды өкілдеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 422-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылады. Қаладағы қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда, - деді Ақтау қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Рахаев.