27 наурыз күні сағат 10.40-та Жетібай ауылының 50-ге жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, ауыл әкімдігінің алдына жиналды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиналған азаматтармен Жетібай ауылының әкімі Н.Елбаев кездесті.
Жергілікті атқарушы органдар тарапы мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мұнай компанияларындағы бос жұмыс орындарына сәйкес жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Алайда, азаматтар тез арада жұмысқа орналастыруды талап етіп, заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырып, Жетібай №6 мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жауып тастады. Қоғамдық тәртіпті бұзып, көліктер мен адамдардың жүріп-тұру еркіндігін шектеді.
Қазіргі таңда Қарақия ауданының әкімі Қ.Беков пен Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Шопанов заңсыз наразылық акциясына қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімі Қыдырберді Беков түсіндіру жұмыстарын жалғастыру үшін жиналғандарды Жетібай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратында шақырып, жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу бағытында жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Қыдырберді Бековтың айтуынша, жиналған тұрғындардың талаптары негізсіз. Себебі, ауданның барлық тұрғынын бір мезгілде мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қарақия ауданының жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар қатарынан 3 349 адам жүгінді. Оның ішінде 2 938 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Барлығы 1 909 адам жұмысқа орналастырылды (тұрақты жұмысқа 1480 адам, субсидияланатын жұмысқа 429 адам), жұмыспен қамтудың басқа да белсенді шараларымен 1029 адам қамтылды.
Аудан бойынша барлығы 1426 жұмыс орны ашылды. Оның 721-і тұрақты жұмыс орындары. *Сонымен қатар, 2023 жылға арналған жұмыс орындарын құрудың облыстық картасына сәйкес Қарақия ауданында 3287 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда (тұрақты – 2748, уақытша – 539). Оның ішінде 600-ге жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Бұл бағытта бюджеттен 708,0 млн.теңге бөлінді*.
2023 жылдың басынан жұмыспен қамту орталығына 887 адам өтініш білдірсе, оның ішінде 493 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. 362 адам жұмысқа орналастырылды (тұрақты жұмысқа 129 адам, субсидияланатын жұмысқа 233 адам жіберілді).
2022 жылы «Жұмыс Жасаймын» жобасын жүзеге асыруға 285,3 млн теңге бөлініп, 106 адам жұмысқа орналастырылды. 2023 жылы 227,0 млн.теңге бөлінді. Қазіргі таңда 109 адам жұмысын жалғастыруда.