2021 жылы құқығы бұзылған 4 педагогтен арыз түсті. Аталған фактілердің мән-жайы анықталып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ мәлім етті.
- Атап айтқанда, 5 өтініш қаралды.
1-өтініште мұғалімді заңсыз жұмыстан шығарған. Ол департамент жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органда қаралып, Ақтау қалалық білім бөліміне ұсыныс жолданып, қайтадан жұмысына орналасты.
2 өтініш санат бойынша түсті. Маңғыстау облысының білім басқармасының және Ақтау қалалық білім бөлімінің жанындағы педагогтердің біліктілігін аттесттаттау комиссиясының шешімдері қайта қаралып, өтініш жазған мұғалімдерге тиісті санаттары берілді.
Ал, 1 өтініште Мұнайлы ауданындағы мектеп басшысы мұғалімдерден ақша жинап, ұстаз міндетіне кірмейтін жұмыстарды жасатқаны анықталды. Лауазымды тұлғаға Әкімшілік Кодекстің 409-бабының 7-3 тармағы бойынша "Ескерту" шарасы қолданылды.
5-өтініште Жаңаөзен қаласы бойынша сенім телефонына қоңырау шалынды, нәтижесінде 2 мектепте ақша жинамау туралы кеңес өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді Есболат Өмірзақ.
Спикердің айтуынша, педагог мәртебесі туралы Заңның күшіне еніп, жұмыстар атқарылып жатқанымен, әлі де болса педагог құқығы бұзылып жатыр. Әлеуметтік желілерде шағымдар азаяр емес.
- Осыған орай, жақында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың 2022 жылдың 27 сәуірдегі «Педагог құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы» №172 бұйрығы күшіне енді. Педагогтердің кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс, аудан, қаланың білім беруді басқару органдарына және оларға қарасты білім беру ұйымдарына:
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген лауазымдық нұсқаулықтарында көзделмеген жұмыс түрлеріне тартуға;
- Педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар тізімінде көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге;
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделмеген тексерулер жүргізуге;
- Оларға тауарлар (заттар, бұйымдар) мен әртүрлі қызмет түрлерін сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді, - деді Есболат Өмірзақ.