Ақтауда жауынгерлік және спорттық самбодан жарыс өтті. Жарысқа Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының әскери қызметшілері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Екі күнге созылған жарыста Ақтөбе, Атырау, Орал, Ақтау гарнизондарынан келген 70-ке жуық спортшы сынға түсті.
Турнирдің ашылу салтанатына 6656 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов, Маңғыстау облысының "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары запастағы полиция полковнигі Игорь Садыкин және «Жас батыр» спорт кешенінің директоры Манарбек Бисекеновтер қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Турнир жоғары деңгейде өтті.Жарыс нәтижесінде өткен жылғы көшбасшылар өз орындарын сақтап қалды. Жеңімпаздар жоғары бәсекелестік жағдайында анықталды – қатысушылар арасында Еуропа және Азия чемпионаттарының, республикалық чемпионаттар мен біріншіліктердің жеңімпаздары, жүлдегерлері болды, – дейді «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы, майор Бақтияр Қалдыбеков.
Спорттық самбодан жеке біріншілікте 57 келіге дейін – Ақтөбе қаласы 6655 әскери бөлімінен келген қатардағы жауынгер Базарбай Жасұлан, 64 келіге дейін Орал қаласы 5517 әскери бөлімінен сержант Жандос Өтеғұлов жеңімпаз атанды. 71 келіге дейін салмақ дәрежесінде 6655 әскери бөлімінен қатардағы Ғазиз Бейбіт, 79 келіге дейін 5517 әскери бөлімінен қатардағы жауынгер Қайрат Төлегенов 88 келіге дейін 6655 әскери бөлімінен қатардағы жауынгер Еламан Қойшыбаев, 95 келіге дейін 6655 әскери бөлімінен қатардағы жауынгер Азат Қуанов, жекелей сында жауынгерлік самбодан атыраулық 5546 әскери бөлімінің капитаны Жаутай Ризабеков 71 келі салмақта чемпион атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 6655 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетті. Ал Оралдан 5517 әскери бөлімінің спорт ұжымы 2-орын алса, 3-орынды Ақтаудан 3502 әскери бөлімінің командасы алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, мақтау қағаздарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.