Ақтөбеде өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында маңғыстаулық боксшылар бес медаль алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасай отырып.
2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі 21-27 сәуірде "Жекпе-жек" спорт кешенінде өтті. Сайысқа еліміздің барлық облысынан 240 спортшы қатысты.
Маңғыстау боксшылары екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, 14 жастағы шетпелік спортшы Аслан Ылым 50 келі, ақтаулық Нариман Бекарыс 80 келі салмақ дәрежесінде алтын алды. Бапкерлері - Азамат Есберген мен Жәнібек Мұратов. Айта кетейік, Бекарыс Нариман ел біріншілігінің үздік боксшысы атанды.
Жетібайлық жаттықтырушы Нұртілек Садақбайдың шәкірті Санжар Қараш 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.
Ал 34 келі салмақтағы жаңаөзендік Нұржан Сейсенғали мен 52 келі салмақтағы Құрық кентінің боксшысы Жадигерхан Салық қоланы қоржынға салды.
Маңғыстау облысы бокс федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР чемпионатында топ жарғандардың бесеуі де - спорт шебері атағына үміткерлер.
Спортшыларды үздік дайындағаны үшін жаттықтырушыларына алғыс жарияланды, сондай-ақ маңғыстаулық төрешілер Азамат Есберген мен Ұлағат Қосаев марапатталды.