Маңғыстау облысында балаларды тегін спортпен қамтамасыз етуге 754 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаевтың айтуынша, былтыр бұл мақсатқа 210 млн.теңге бөлініп, 4 884 бала қамтылған.
- 2022 жылғы жоспар бойынша 7 840 бала мен жасөспірімді тегін қамту көзделген болатын, алайда қазіргі таңда бала саны 3,5 есе көбеюіне байланысты, сәйкесінше бөлінген бюджет те 3,5 есеге артты, яғни 754 млн. теңге бөлінді. Облысымызда жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасымен 70 жеке кәсіпкер 24 спорт түрінен 4-17 жас аралағындағы балаларды тегін спортпен қамтып отыр, - деді Қанат Жұмабаев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы Artsport.kz платформасы туралы да айтып өтті.
- Платформа жұмыс жасап тұр. Бұрынғы ваучер алған 70 кәсіпкер жұмысын жасап жатыр. Соған сәйкес, осыған дейін тіркелген балалар да спортпен тегін айналысып жүр. Яғни, қаржыландыру жалғасуда. Тек, жаңа ваучер алуға мүмкіндік тоқтатылған. Себебі, бюджеттен қаралған қосымша қаржы толықтай бөлініп бітуі керек әрі шығындарды есептеу автоматты түрге ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ алда мәслихат отырысы болады. Сол жиында біздің жобаларға қосымша қаражат бөлдіруге басқарма тарапынан ұсыныс берілді, - деді Қанат Жұмабаев.