Маңғыстаулық оқушылар мен колледж студенттері теңіз жаяу әскерлері бригадасының 25744 әскери бөліміне барды. Олар әскери техникалармен танысып, сарбаздардың тыныс-тіршілігін бақылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін елдегі жалғыз теңіз жаяу әскерлері бригадасында "Ашық есік күні" өтті. Оған "Жас Отан" жастар қанаты Маңғыстау облысы бойынша филиалының мамандары және 100-ге жуық білім алушы қатысты.
"Біздің әскери бөлімде ҚР Қарулы Күштеріне 30 жыл толуына орай "Ашық есік күні" ұйымдастырылып жатыр. Оқушыларға әскери бөлімдегі барлық техника, қару-жарақ, атыс қарулары көрмеге қойылды. Таныстыру кезінде біздің сарбаздар нұсқаушы болып, техниканы таныстырып, келушілермен жақын танысты", - дейді Зениттік дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Рүстембек Дәрменбаев.
Аталған шараның мақсаты - қарулы күштердің имиджін көтеру, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, патриоттыққа сезімді ояту.
Шараға келушінің бірі - Мұнайлы ауданындағы 10 мектептің оқушысы Ақарыс Есенбаев. Оның айтуынша, көрмеге қойылған әскери техникалар қызығушылығын оятқан.
"Әскери өмір, сарбаздардың тамақтанатын және жатын орнын, әскери бөлімшемен танысып шықтық. Техникалардың қолданыстағы негізгі міндеті мен маңыздылығы туралы жан жақты ақпараттар берілді. Шара ұнады. Алдағы уақытта мен де әскерге келіп, отан алдындағы борышымды өтеймін!" - деді оқушы Ақарыс Есенбаев.
"Жас Отан" жастар қанаты Маңғыстау облысы филиалының төрағасы Абзал Мараттың айтуынша, жақында "Қайсар" әскери патриоттық жобасын қолға алды.
"Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жастарды рухани және патриоттық тұрғыда тәрбиелеу бағытында шаралар жоспарланған. Соның бірі - "Сарбаз болғым келеді" акциясының республикалық деңгейде өтіп жатыр. Соның аясында Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының 100-ге жуық оқушысы әскери өмірді сезініп, сарбаздармен тілдесті", - дейді Абзал Марат.
Мұндай шара алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.