Маңғыстаулық кикбоксшылар ересектер, жастар және кадеттер арасында кикбоксингтен өткен VII Әлем кубогында 4 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа 45 мемлекеттен 900 спортшы қатысқан.
2004-2005 жылғы спортшылар арасында 51 келі салмақта Ақжол Қосыбаев К-1 бағдарламасында, 75 келі салмақта Әнуар Бақытжанұлы фулл-контакт бағдарламасында, 91 келіден жоғары салмақта Нұрсәт Ғалымбекұлы фулл-контакт бағдарламасында Әлем кубогының жеңімпаздары атанды. Ал лоу кик бағдарламасында 86 келі салмақта Досан Ерасыл қоланы қанжығалады.
2006-2007 жылы туған кадеттер арасында фулл контакт бағдарламасы бойынша Асқар Тынышбай 54 келі салмақта алтын алса, 67 келі салмақтағы Мәди Махмуд қолаға қол жеткізді. Лоу кик бағдарламасында 51 келі салмақта Дидар Базар мен 57 келі салмақта Мәди Айсағали ІІІ орын иеленді.
Сондай-ақ, ересектер арасында 67 келі салмақта фулл-контакт бағдарламасында Өнербек Селбай да қола жүлдегер атанды.
Жарыс 12-15 мамыр аралығында Стамбул қаласында өтті.