«ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев жақында іске қосылатын «Қаражанбасмұнай» кен орнындағы су тұшытатын зауытқа барды. Егер зауыт іске қосылса, «Қаражанбасмұнай» АҚ өзін өндіріске және тұрмысқа қажетті сумен толық қамтамасыз етеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
М.Мырзағалиев жұмыс сапары барысында өңір халқын ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобалар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін және қойылған міндеттерді орындау жауапкершілігінің бір бөлігі ҚМГ-ға жүктелетінін тілге тиек етті. Осы ретте компания Кендірлі кентінде теңіз суының тұшыту зауытын салуды және Астрахань – Маңғышлақ су тарту құбырын реконструкциялап, кеңейтуді қосымша жоспарлап отыр.
Сонымен қатар басқарма төрағасы «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазГӨЗ» ЖШС және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның өндірістік нысандарын аралады. Еншілес кәсіпорындардың басшылары М.Мырзағалиевке Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында ҚМГ өңірде орындалатын әлеуметтік жобалар мен іс-шаралардың ағымдағы мәртебесі туралы мәліметтер берді.
Айта кетейік, кешенді жоспар аясында ҚМГ-ның қатысуымен өңірде 425 млрд теңге сомасына есептелген 22 жоба мен іс-шара жоспарланған. Бұл кәсіпорындар тобы мен олардың мердігер ұйымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды қаржыландыру шараларын қамтиды.