«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласында өзінің өкілдігін ашты. Өкілдіктің ашылу шарасына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өкілдік кеңсесі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС ғимаратында орналасқан. Ақтаудағы өкілдікті ҚМГ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев басқарады.
ҚМГ Ақтаудағы қызметтік офисі батыс өңірдегі компаниялардың мынадай қызметтеріне жетекшілік етеді:
- жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдармен, ҚМГ еншілес және мердігерлік ұйымдарының кәсіподақтарымен өзара іс-қимыл жасау;
- тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жұмыстарды үйлестіру;
- өндірістік бағдарламалардың, жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын, кен орындарды игеруді бақылау;
- ҚМГ еншілес ұйымдарының Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен кадр мәселелері бойынша жұмыстарын үйлестіру;
- ҚМГ еншілес ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау және басқа да қызметтер.
«Біз Маңғыстау облысында өңір тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар бастаманы іске асырып жатырмыз. Сондай-ақ мұнай мен газ қорларын ұлғайту және өндіру бойынша инвестициялық жобаларды жүргізудеміз. Бүгін Ақтауда ашылған офистік алдында маңызды міндеттер тұр. Оның үстіне компанияның топ-менеджменті мен мамандарының дәл осы жерде жұмыс істеуі өндірістік және әлеуметтік мәселелерді жедел әрі барынша тиімді шешуге мүмкіндік береді», - деді Мағзұм Мырзағалиев өкілдіктің ашылуында.
Өкілдік кеңсесінің ашылу салтанатына Маңғыстаудағы мұнай саласының ардагерлері де қатысты. Ақсақал мұнайшылар Мағзұм Мырзағалиевке сәттілік тілеп, қазіргі мәселелерді шешу жөнінде бірқатар ұсынысын айтты.