Маңғыстаулық параспортшы бочча спорт түрінен ҚР чемпионы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17-18 маусым күндері елордада «Children paralympic games» инклюзивті спорт фестивалі және паралимпиадалық спорт түрі боччадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Спорттық шара ҚР Президенті жариялаған «Балалар жылын» қолдау аясында және инклюзивті қоғамды дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстанның 16 қаласынан 350 ерекше бала қатысты. Қатысушылар бочча, голбол, бейімделген шығыс жекпе-жегі (каратэ, таэквондо, дзюдо), бейімделген футбол, инклюзивті хореография, бейімделген жүзу, бейімделген жеңіл атлетика, футбол 7*7 сынды спорттың 10 түрінен бақ сынады.
Бочча спорт түрінен Ақтау қаласынан 6 бала, Жаңаөзен қаласынан 6 бала сынға түсті. Олардың ішінде сегізі жүлделі орынға ие болды. Атап айтқанда, бочча спорт түрінен Нұрдәулет Қожабеков ҚР чемпионы атанып, 1-орын алды. Сондай-ақ бочча спорт түрінен Дамир Әлімжан 1-орын, Бекзат Өмірбеков 1-орын, Жанаргүл Төремұратова 2-орын,
Мирас Мурадым 3-орынға ие болса, бейімделген жүзуден Азамат Пасыров 1-орын, Ақырыс Айдын 2-орын, Әлімжан Сарсен 2-орын алды.
Спорт фестивалінің мақсаты - мүгедек балалар мен жастарды тұрақты дене белсенділігіне және спортпен шұғылдануға ынталандыруды арттыру.
2018 жылдан бастап елде «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар арасында бұқаралық спорт саласындағы «Саламатты болашақ» атты республикалық ауқымдағы әлеуметтік жоба іске асуда. Қазіргі таңда интеграцияланған спорттық жаттығулардың бірегей әдістемесі бар жоба 16 қалада әртүрлі мүгедектігі бар 700-ден астам баланы тегін бейімделетін спорт секцияларымен қамтуда.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекованың айтуынша балаларда аутизм, БЦП, жұлын-бұлшықет атрофиясы, дюшен миопатиясы, даун синдромы, есту, көру, сөйлеу қабілетінің бұзылуы, басқа да туа біткен даму ақауларының болуы толыққанды өмір сүруге және спортпен шұғылдануға кедергі болмауы керек. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың дені сау құрдастары жыл бойы әлеуметтік жоба секцияларында иық тіресе жаттықты. Балалар жарысқа қатысуға ынтасы жоғары.
Спорт түрлері бойынша спорт алаңдарының әрқайсында спортшылар диагноз бойынша жіктемеге сәйкес және басқа өңірлерден келген қарсыластарымен жарысты. Чемпионаттың мақсаты – әлемдік аренаға-паралимпиада ойындарына одан әрі көтерілу үшін үздік боччистерді анықтау.
-Қазіргі таңда облыс бойынша бочча секциясына 30-ға жуық бала қатысады. Секцияға балалар 6 жастан бастап қатыса алады. Балалар аптасына 5 рет жаттығады және биыл сәуір айында бочча спортынан облыстық чемпионат алғаш рет ұйымдастырылды. Сол жарыстан іріктелген спортшылар ҚР чемпионатында бақ сынап керемет нәтиже көрсетті, - деді бочча спортының жаттықтырушысы Ақкүміс Боқаева.