Ақтау қаласындағы "Хан-Шахар" салтанат залында "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Байқау сағат 15:00-де аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен басталады.
Ал қазір облыс кәсіпкерлері әртүрлі тауарларын ұсынып, көрме өтіп жатыр. Қолдан жасалған табиғи өнімдерге халықтың қызығушылығы жоғары. Ешкі сүтінен жасалған — йогурт, ірімшіктің бірнеше түрі, тәттілер келуші тұрғындардың тәбетін ашқандай. Ал төрт түліктің етінен дайындалған — жылқының қазы майы, қойдың құйрық майы, сиыр майы қосылған шұжықтар бірден сатылып кетіп жатыр. Бұларға қоса топырақтың құнарын арттыратын тыңайтқыштар да шөлейтті Маңғыстау халқының сұранысына ие.
— Бұл көрме-байқау 2006 жылдан бастап өтіп келе жатыр. Алайда, пандемияға байланысты 2019 жылдан бері тұралап қалды. Жағдай реттелген соң биыл қайта жалғасын тауып отыр. Соңғы рет үш жыл бұрын өткенде бұл байқауға 30 кәсіпкер қатысқан. Ал биыл 50-ге жуық кәсіп иесі жиналды. Осылардың ішінен үздік шыққан 9 өндіруші республикаға жолдама алады. Үздік кәсіпкерлер өнімділіктің жылдан жылға артуы, тауардың сапасы, тұтынушылардан шағым түспеуі деген сияқты жалпы 10 критерий бойынша іріктеледі, — дейді облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасының басшысы Рашит Мұстапаев.
Елордада өтетін республикалық "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауына аймақтың атынан аттанатын үздіктер бүгін кешке белгілі болмақ.