Бүгін Ақтауға Екатеринбургтен 50 турист келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысына арнайы саяхаттап келгендерді туристік фирмалар мен операторлар қарсы алды.
– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бұған дейін Алматыны, Бурабайды, Қарағандыны ғана еститін едім. Ұшу кезінде Маңғыстауды жоғарыдан тамашаладым, бұл мен үшін ұмытылмас көрініс болды. Әрине, біщ мұнда қонақүйдегі демалыспен ғана шектелгіміз келмейді. Жоспар бойынша облыстың көрікті жерлерімен және мәдениетімен танысамыз, - деді Екатеринбургтен келген алғашқы туристің бірі Максим Перевезенцев.
«Anex tour Kazakhstan» ЖШС бас директоры Эльдар Мусаоғлының айтуынша, алдағы уақытта Ресей-Ақтау туристік маршруты жанданады
- Бүгін Екатеринбургтен алғашқы тұрақты рейс келді. Ұшақтағы орындардың тең жартысы біздің туристерге арналған. Бұл басы ғана. Себебі жақында Қазақстан тарихында тұңғыш рет аптасына бір рет туристерді мақсатты түрде әкелетін Уфадан Ақтауға чартерлік рейс ұшады деп күтілуде.
Біз тек Маңғыстаумен шектеліп қалмаймыз. Бурабайға, Түркістанға, Шымкентке туристердің келуін ұйымдастырамыз. Бағдарламада қонақүйде демалу ғана емес, сонымен қатар өңірдің мәдени және тарихи көрікті жерлерімен танысуды ұсынамыз, - деді Эльдар Мұсаоғлы.
Сонымен қатар биыл шілде айынан бастап Мәскеуден аптасына екі рет тұрақты рейс қосылады. Өз кезегінде өңірге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер автордан