БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газеті редакциясының қасбетіне қос қаламгерге мемориалдық тақта орнатылып, салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Амандықұлы Шоқай - Ұлы Отан соғысының ардагері, 1949-1958 жылдардағы «Жаңа өмір” газетінің бас редакторы, қарымды қаламгер.
Ал, Шарай Батырбайқызы - КСРО журналистер Одағының мүшесі, Маңғыстау түбегі қыздары арасынан шыққан алғашқы журналист.
Салтанатты жиынға Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов, «Маңғыстау Медиа» ЖШС-нің директоры Гүлмира Әбішева, Амандықұлы Шоқай мен Батырбаева Шарайдың ұрпақтары, көз көрген қызметтестері, жолдастары, газет ардагерлері және тумаластары қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі Т.Көшмағанбетов «Кәсіби мереке қарсаңында "Жаңа өмір" газетінде қолтаңбасы қалған, өзіндік орны бар қаламы қарымды қаламгерлерімізге орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл игі шараның басты мақсаты кейінгі ұрпақтың алдыңғы буынға деген құрметі деп білемін. Бұл кісілердің еңбек жолы жастарға үлгі болу керек»,- деді.
Мұнан соң «Маңғыстау Медиа» ЖШС-нің директоры Гүлмира Әйткенқызы құттықтау сөз сөйлеп, шараның өтуіне атсалысқан Амандықұлы Шоқай мен Батырбайқызы Шарайдың тумаластарына «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар табыстады.
Сондай—ақ, өлкемізге белгілі журналист Қ.Демеубергенов шараның мән—маңызын айта отырып, "Жаңа Өмір" газетінде бірге жұмыс жасаған көз көрген қызметтестері туралы естеліктер айтып өтті. Мемориалдық тақтаны ашу Амандықұлы Шоқайдың ұлы Талғат Шоқайұлы мен Батырбаева Шарайдың ұлы Алаш Әбжетұлына тапсырылды.
Айтулы шарада Шарай Батырбаеваның қызы, Ақпарат саласының үздігі Ләззат Әбжетқызы Шетпе гимназиясының 10 сынып оқушысы Арайлым Қайратқызына “Шарай Батырбайқызы атындағы арнайы ақшалай сыйлықты” табыстады
Болашақта журналист болғысы келетін Арайлым Қайратқызы “Ілияс оқулары", "Мәшһүр оқуларының» Бас жүлде иегері, облыстық "Ділмар" шешендік өнер байқауының, республикалық "Ақберен" өнер байқауы жүлдегері.
“Шарай Батырбайқызы атындағы арнайы ақшалай сыйлықты” жыл сайынғы үрдіс ретінде жалғаспақ. Шара соңы мұражайда қос қаламгерге арнап жасақталған көрмені тамашалаумен жалғасын тапты.