Қаңтар айында Yessenov University-де Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігігінің (TIKA) қолдауымен түрік тілі кабинеті ашылған болатын. Университет студенттерінің Түркия Республикасының мәдениетімен, тарихымен және тілі мен әдебиетімен танысуына арналған жаңа кабинеттің сөресіне құнды дүние–«Түрік әдебиетіндегі атаулар сөздігі» атты кітаптар қойылды.
Кітаптың таныстырылымын университеттің әлеуметтік қолдау және жастарды дамыту басқармасының басшысы, өнертану ғылымдарының PhD докторы Гүлмира Ешманова ашып, жүргізіп отырды.
-«Түрік әдебиетіндегі атаулар сөздігі»–Анадолыдағы селжұқтардан басталып, османлылармен жалғасқан және бүгінгі күнге дейін қоғаммен бірге жеткен әдеби жинақтарды біріктіруге бағытталған ұлы жобалардың бірі саналады. «Türk Edebiyatı İsimler Sözlüğü» жобасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан дайындалып, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министірлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл жоба–түрік әдебиетінің ХІІІ ғасырдан ХХІ ғасырға дейінгі ақын-жазушылары шығармаларын қамтитын мәліметтер базасы. Бұл мәліметтер базасы баспа жұмысы ретінде қарастырылған кезде әрқайсысы 500 беттен тұратын 20 томдық энциклопедияға сәйкес келеді. Зерттеу нәтижесінде жалпы саны 15 мыңға жуық мақала мен 62 мың шығармадан тұратын 5 миллионға жуық сөзден тұратын мәліметтер базасы пайда болды. Аталмыш жобаға ежелгі ұйғыр, қарахан, харезм-қыпшақ, шағатай және әзірбайжан елдеріне тиесілі атаулар да енгізілді, - деді Гүлмира Құралбайқызы.
Жиында университеті президенті Берік Ахметов құтты болсын айтып, күллі түркі халықтарына ортақ сөздікті көз майын сарқа, ащы терін төге отырып дайындаған ғалымдар мен кітаптарды жарыққа шығаруға мұрындық болған және том-том кітаптарды қара шаңыраққа жеткізіп отырған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек мырза сөздіктердің аз таралыммен шыққанын айтты.
-Бүкіл түркі әлемі үшін маңызды 20 томдық осы кітаптарды жинақтауға 10 жылға жуық уақыт кетті. Мұнда 16500 оқытушы, зерттеуші ғалымдардың жылдар бойы тірнектеп жинаған деректері, теңдессіз еңбектері бар. Осынау аса құнды кітаптар бүкіл түркі халықтарына ортақ. Білім орталықтарына, кейбір кітапханаларға ғана берілетін болғандықтан сөздіктердің таралымы шектеулі. Университет ұстаздары мен шәкірттері білімін жетілдіру үшін немесе ғылыми жұмыстары үшін пайдаланып, игілігін көрсін,-деді ол.
Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин мырза кітаптың таныстырылымына қатысып отырғандарға игі тілегін жеткізді.
- Өздеріңіз де білесіздер, 1992 жылы «Түркі тілдес елдердің мемлекет басшыларының саммиті» аясында басталған ынтымақтастық пен етене араласу үдерісі бүгінде «Түркі мемлекеттері ұйымына» ұласып, институционалдық және жүйелі сипатқа ие болды,-деді Бас консул.-Тіліміз, тарихымыз бен мәдениетіміз ортақ сіздер мен біздер бір-бірімізбен етене араласып, ынтымақтастық бағыттарымызды кеңейтіп жатырмыз. Осы мақсатта құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Халықаралық Түркі Академиясы, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мәдениеті мен мұраларымыздың қоры сияқты ұйымдарымыз маңызды іс-шаралар атқарып келе жатыр. Елдеріміз арасындағы осындай ынтымақтастық пен етене араласу барысында тіл саласы локомотив қызметін атқарады. Түбі бір тілдерімізді өзара меңгеруіміз халқымыздың бірін бірі жақсы түсінуіне мүмкіндік береді. Осы мақсатта 2022 жылы Түркияның Бурса қаласында «Түркі әлемінің ортақ алфавиті» тақырыбында семинар өтті. Аталған семинарда Біріккен алфавит комиссиясы құрылды. Комиссия ортақ Түркі алфавитінің құрылу жұмысын жалғастырып келе жатыр. Әдебиет–бұл халықтардың тарихын, мәдениетін, өмір сүру салтын көрсететін ең ұлы өнер түрі. Түрік әдебиеті тарихи түп-тамыры тереңде жатқан туындыларымен кең танымал. Түрік тілін өмірге әкелген осы әдебиетіміз өткеннен бүгінге дейін дамып, маңызды туындылар қалдырды. Бүгінгі түрік әдебиеті Яшар Кемалдан Орхан Памукке дейінгі көптеген жазушыларымыздың құнды шығармалары арқылы ұлттық және халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Өткен айда ТИКА-ның қолдауымен түрік тілін үйрету мақсатында салтанатты түрде ашылған Yessenov University-нің түрік тілі аудиториясы қазақ жастарының елімізді, мәдениетіміз бен әдебиетімізді одан әрі тереңірек түсініп, тануына үлкен үлес қосары сөзсіз. Алдағы күндері аудиториядағы кітапхана қорын одан әрі байытатын боламыз. Ал сіздер әдебиетіміздің аса маңызды өкілдерінің ірі шығармаларымен танысып, оқуға мүмкіндік ала аласыздар. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен және Қожа Ахмет Яссауи университетінің күш-жігерімен дайындалған «Түрік әдебиетіндегі атаулар сөздігі» атты кітабының түрік әдебиетінде қызығушылық танытатындар үшін таптырмас білімнің қайнар көзі болмақ. Бұл еңбекте Анадолы селжұқтарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өз дәуіріндегі ең құнды жазушылардың, ақындардың өмірбаяндары да ұсынылған.
Құрметті жас бауырларым, сіздердің осы және кітапханамызда болатын басқа да кітаптарды өз пайдаңызға жарататыныңызға, әрі қарай зерттеулер жүргізетініңізге шын жүректен сенім білдіремін.
Университет президенті Берік Ахметов, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек таспа қию рәсімін орындап, кітаптар түрік тілі кабинетіне тапсырылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА