Әлеуметтік желіде Ақтауға келін болып түскен тайландтық қыз туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Ақтаулық жігіттің ата-анасы шаңырағына келін болып түскен тайландтық қыздың қалың малына 3 млн теңге берген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қалыңдықтың күйеуі Мирас Қызылтөбе ауылында оқыған. Қарапайым отбасынан шыққан жергілікті жігіт тайландтық қызбен Instagram әлеуметтік желісінде танысқан. Олар алғашында бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, бір-бірінің машығын шыңдап, ағылшын тілін үйретіп жүрген. Жас жұбайлардың айтуынша, олар бастапқы екі жыл бойына тек онлайн достықта болған. Танысқандарына 1 жыл өткен соң жігіт сүйіктісінің ата-анасымен кездескен. Ал екінші кездесуде жігіт қалыңдығы Ихваны Қазақстанға алып келген.
- Біз алғашында инстаграмда таныстық. Бір-бірімізге ағылшын тілін үйретіп жүрдік. Көзқарас, дүниетанымымыз, қызығушылығымыз ортақ болды. Кейін осы қызды ұнатып қалдым. Арамызда сезім оты пайда болды. Кейін мен ата-анама қызым туралы айта бастадым. Әлбетте қызымның шетелдік екенін естіген ата-анам басында қарсылық білдірді. Ата-анамды сөзіме иландыру үшін маған бір жыл қажет болды. Бұйырса, Ихва екеуміз ертең мешітте неке қиямыз. Ол Ислам дінін қабылдауға және атын Інжу деп өзгертуге келісті. Ихва бұрын буддизм дінін қабылдаған қыз. Әлеуметтік желідегі ұлттық нақыштағы киімімен түсірілген барлық фотосуреттер мен бейнелер Тайландта түсірілген. Яғни, қызды халқымыздың салты бойынша ұзатып алдық. Ихваның жанұясы қалыңмалға 5 миллион теңге сұрады. Десе де, біз 3 миллион теңге бердік. Екеуміздің өзара түсінісетін ортақ тіліміз — ағылшын тілі. Алдағы уақытта Ихва қазақ социуымына бейімделу үшін қазақ, орыс тілдерін үйренуге тырысады. Тайландқа барып жұмыс істеп, сонда тұру жоспарымыз бар", - дейді күйеу жігіт Мирас.
Ихваның айтуынша, оған жергілікті жұрт пен қазақтың ұлттық тағамдары ұнаған.
- Жұбайым айтқандай, біз ертең нике қиюға барамыз. Мен ислам дінін қабылдаймын. Есімімді де қазақи атқа ауыстыруға қарсы емеспін. Өзім отбасымдағы жалғыз қызбын. Расын айту қажет, ата-анам мені Қазақстанға жібергісі келмеді. Әйтсе де олар қызының бақыты үшін күйеубаласының ықыласын қабылдады. Қазақстандағы жаңа отбасым мені жылы қабылдап, қарсы алды. Қайын енем қалай ет асу керегін үйретті. Маған қазақ тағамдары, әсіресе самса мен кәуап ұнады. Тайландта мұндай тағамдар жоқ. Бізде тек "Том-ям" мен ащы теңіз тағамдары. Мен қазақ келінінің орамалын тағып, қалай сәлем салу керегін үйрендім. Тайландта мұндай дәстүр жоқ. Қазақ халқының салтын тез үйреніп кетемін деген ойдамын. Маған ең қызығы қыс айын көру. Өйткені менің Отанымда тек жаз маусымы", - деді Ихва.
- Баламыздың бақыты үшін біз бәріне дайын болдық. Біздің ұлымыз бала күнінен шетелдік қызға үйленетінін айтатын. Ұлым бұған дейін әртүрлі ұлттардың қыздарымен: кәріс, орыс, америкалық қыздармен дос болған еді. Тайландта 9 күн болдық. Құдаларымыз бізді жақсы қарсы алды, - деді Мирастың анасы Гүлсім.