Маңғыстау облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Пәния Сармурзина денсаулық сақтау өкілдерімен Ақтау қаласы 17-шағын аудандағы жатақхана базасында орналасқан эвакуациялық пунктті аралап, төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындармен жүздесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жатақханада орналасқан Атырау облысы Жылыой ауданы тұрғындары ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етілген, басқа да барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Жатақхананың жаңа тұрғындарымен жүздескен Пәния Сармурзина табиғи апат зардабын тартқан жандардың көңіліне демеу болар сөз айтып, қолдау білдірді.
«Әсіресе әйел азаматшалардың өтініш-тілегіне құлақ түріп, күрделі ахуал тұсында жат ортада жүріп-тұру оңайға түспесін, алайда тәртіп мен тазалық мәселесіне ерекше мән берілу қажет екенін айттым. Қоныстанған халық та қандай жағдай болмасын мемлекет мүлкіне ұқыппен қарау, ысырапқа жол бермей, жауапкерлік таныту — адамгершілік белгісі екенін жеткізді. Өзара әңгіме оң бағытта өрбіп, Маңғыстау халқының меймандостығына алғысын жаудырды»,-дейді Пания Сармурзина.