Жаңаөзен қаласында табиғи гипс өндіретін цех бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Цех 2020 жылы мемлекеттің қолдауымен ашылған. Кәсіпорын айына 200 тоннаға жуық ұнтақ гипс пен тас гипс өндіреді. Карьерден өндірілетін гипс арнайы техникамен уатылады. Сапалы өнімге сұраныс жоғары, облыс бойынша қалалар мен ауыл-аймақтардан ғана емес, өзге де өңірлерден тапсырыс түседі.
- Өнімді Ақтау, Жаңаөзен қаласынан, Бейнеу ауданы мен Атырау облысынан тұтынушылар алады. Қазіргі таңда жаңа құрал-жабдықтар алып келдік. Соны іске қосу үстіндеміз. Алдағы уақытта цех аумағын екі есеге үлкейтіп, өндіріс қуатын 3 есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, - деді цех басшысы Серікбол Боранқұлов.
Цехта 10-нан астам адам қызмет атқарады. Жаз мезгілінде жұмыс көбейіп, жұмысшы саны да арта түседі.
6 ай жұмыссыз жүріп, осы цехқа жұмысқа орналасқандардың арасында Аманбай Көбейсінов те бар.
-Бұл цехта 2 айдан бері жұмыс жасаймын. Уақытылы айлық табысымды алып отырмын. Көпбалалы әкемін. Барлығы жеткілікті. Жұмысымды қатты қиын деп айта алмаймын, ер азаматқа жасауға тұрарлық. Өңіріміздегі жұмыссыздықты азайтып, мүмкіндік беріп отырған кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін, - деді Аманбай Көбейсінов.