© Сүйінов Еркебай Итібайұлы /1970-2024/
Жан-жағыма көз жүгіртіп ойлана қалсам, біреуден кейін, біреуден ілгері бүгінгі күніме шүкірлік етіп, қуанып қаламын, кейде, тірліктің ақ пен қара жолдарында көрген қиындықтарым еске түсіп, мұңаямын. Ал, кейде, өмір деген ұлы көштің ең тамашасы алдымда күтіп тұрғандай, арманға асығып, алға ұмтыламын. Бірде, жыл санап саналы ғұмырымда жақсы көріп, сыйласқан, бірге туған, ұнатқан жандарды мәңгілікке жоғалтып жатқанымды ойлап, жылап қаламын. Ең өкініштісі-келмеске кетіп жатқан қимастарымның қатары жыл санап артып барады. Солардың бірі-ауылдас ағам, Маңғыстауға белгілі дәрігер, мықты хирург, адал дос, көпке сыйлы азамат, мейірімді жан Сүйінов Еркебай Итібайұлы 2024 жылдың 8 сәуірінде бұл фәнидегі адами миссиясын аяқтап, келместің кемесіне аттанып кете барды...
Киелі Маңғыстау өңіріндегі Сәңкібай жерінде 1970 жылы жылқышы Итібай мен Нұрбибінің отбасында өмірге келіп, бал балалығын жазда Сәңкібайда, қыста Матайқұмда өткізген Еркебай отбасындағы 6 ұл мен 2 қыздың кенжесі, үйдің еркесі болып өсті. Мектеп-интернатында білім алған ол сабақты жақсы оқып, жасынан өзінің зеректігін көрсете білді. Жас жігіт барлық азаматтар сияқты әскери борышын өтеуді өзінің міндеті санап, 18 жасында Германия мемлекетіне аттанады. Азаматтық парызын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралған Еркебай Итібайұлы жүрек қалауымен Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсіп, 1999 жылы оқу орнын бітіріп шығады. Жалынды жастығын босқа өткізбей, білімге құмартып, ізденуден талмаған Еркебай аға саналы ғұмырында білікті маман атанып, туған еліне тынбай қызмет етті.
Бұдан әрі Еркебай Итібайұлының өмір парағы өз ретімен ашыла берді. Адамзат үшін-ең маңызды мамандық иесі-дәрігер Еркебайдың Маңғыстау денсаулық сақтау саласындағы сансыз сағаттары басталды. Жас маман еңбек жолын Жаңаөзен қаласында бастап, қырағы хирург ретінде қалыптасуға бел буды. Жалындаған жас жігіт шаңырақ құрып, 1997 жылы жүрек таңдауы өзінің ауылдасы әрі әріптесі, моншақты қыз-Мәншүкке түседі. Міне, осы күндерден бастап Еркебай аға тарау-тарау тіршілік сапарын жалғыз емес, некелі жарымен, 3 баласымен бірге аралап, өмірі мен қызметі отбасымен байланысты болды.
2003 жылы Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық ауруханасына ауысқан Еркебай Сүйінов білімге құштарлығын арттырып, өзін дәрігер ретінде шыңдап, ізденуді тоқтатпады. Дәрігер ретіндегі басты міндеті-медициналық көмекке зәру жандарға қол ұшын беру, барлық адамдарға мейірімді болу және науқастың өміріне араша тұру деп санайтын.
Әрине, адам өміріне араша түсетін мамандық иесі болу оңай емес. Қызмет ететін аурухана немесе дәрігерлік мамандық алдындағы жауапкершілік қана емес, жаны ауырып, тәні сыздаған жандардың алдындағы дәрігерлік міндет бәрінен де жоғары тұратын еді. Кез келген жан дәрігер бола алмайды. Адамның жаны мен тәнін терең зерттеуге қабілетті, ештеңеден қорықпайтын, науқастың тағдырына алаңдайтын, өз эмоциясын басқара алатын жандар ғана осы мамандықтың мықты иесі атана алады.
Нағыз дәрігерге тән терең білім, берік дағды, тез шешім қабылдау қабілеті, еңбекқұмарлық, жанашырлық пен түсіністік, адамшылық пен мейірімділік, терең жауапкершілік пен адалдық, сондай-ақ, үнемі үздену сияқты қасиеттердің барлығы да Еркебай Сүйіновтың бойынан анық көрініп тұратын.
Дәрігер-бұл тек адамның сырқатын емдеуші ғана емес, алдына келген науқастың ішкі жан-дүниесіне үңіліп, оның проблемаларына түсіністікпен қарайтын адам. Медициналық орталыққа келген әрбір тұрғын өзінің мәселелерін дәрігерге сеніп айтуы тиіс. Сонда ғана науқас өз сырқатынан толық айығуға мүмкіндік алады.
Еркебай аға мен білім алған Ақжігіт ауылында оқыды. Менің ағам Айдар мен апам Гүлбанудың сыныптас досы ретінде мектеп қабырғасында бірге жүретін. Кейінірек, есейіп, әрбіреуі өмірден өз орындарын тапқан кездерде де қарым-қатынастары үзілген жоқ. Қызмет барысында Еркебай ағамен кездесіп қалғанда, бауырларымның досы ретінде жақын тартып, жақсы көріп, сөйлесетінмін. Бауырларыма жақын болғасын ба, Еркебай да маған ағамдай жақын әрі соншалықты сенімді көрінетін. Бұл менің туған бауырларыма деген сүйіспеншілігіме, әрі Еркебай Итібайұлының салмақты азаматтық, ағалық болмысына байланысты еді.
2015 жыл - біздің отбасы үшін өмірдегі ең ауыр жыл саналады. Үйіміздің үлкені, 16 жасында қыршын кеткен Жанардың соңынан ерген, отбасының тірегі, ата-анамыздың қамқоршысы, біздің ақылшымыз Гүлбану ауырып қалды. Басында жеңіл-желпі сырқат болар деп елемеп едік, 2015 жылдың наурыз айында бауырымның ауруы күшейіп кетті. Бірден облыстық аурухананың дәрігері, білікті маман Еркебай Сүйіновке жүгіндік. Еркебай аға да бірден іске кірісті. Биопсия қорытындысы жаман аурудан хабар берді, бұған сенуге жүрегі дауаламаған Еркебай Итібайұлы екінші рет анализ тапсыруды ұсынды. Амал не, ағаның үміті ақталмады, қорқынышты қорытынды тағы шықты. Бұдан соң, 11 айға созылған жазылмас дертпен күресте Еркебай Сүйінов әрдайым қасымыздан табылды. Соңғы уақытта бауырыма жасалар ем де қалмады, дәрігерлер ауруды басатын уколдар ғана салатын. Сол бір ұйқысыз түндер мен көңілсіз күндерде Еркебай аға өз бөлімшесіндегі негізгі жұмысын бітіріп келіп, үйіне қайтудың орнына, жанымызға келетін. Дәрігер ретінде емдік жолдарды айтып, дос ретінде жылы сөзімен қолдау көрсетіп, түнге дейін қасымыздан кетпейтін. Бұл оның соншалықты қарапайымдылығы мен жанашырлығын көрсетіп тұрған жоқ па?
Медицинадағы мейірімділік, гуманизм принциптері дегеніміз бұл-науқасқа деген жанашырлық, адамға деген құрмет деп санаймын. Осы тұжырымдар үйлескен кезде ғана дәрігер науқастың талаптарын қанағаттандыра алады. Бұрынырақта атақты Гиппократтың «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек» дегенін оқығанмын. Ойлап отырсам, Маңғыстаудай жерде, біздің елде, жанымызда жүрген, қадірін біліп үлгермеген Еркебай Сүйінов дәл сондай жан болған екен. Көзінен мейірім шашып тұратын, сөзінен жылылық есіп тұратын Еркебай ағаның бойыннан дәрігерге тән жоғарыдағы медицина атасы-Гиппократ тізген асыл қасиеттердің бәрі табылатын.
Көзі тірісінде өзін адамгершілігі жоғары азамат, асыл аға, қамқор іні, нағыз дос, аяулы әке, қимас жар ретінде көрсетіп, көптің алғысын алып, ықыласына бөленген Еркебай Итібайұлы жақсы өмір сүрді. Ерекеңді әріптестері білікті маман, білімді дәрігер, жанашыр жұмыстас ретінде еске алады. Ешқашан дауыс көтермейтін, біреудің намысына тиюді білмейтін. Әрдайым өз ортасында белсенді де көңілді болып, жан-жағындағыларды күлдіріп жүретін. Көңілді мінезі, адал жүрегінен болар, Ерекеңнің достары да көп еді.
Қанша жұмысбасты болса да, Еркебай аға тумаластары мен отбасын ешқашан ұмытқан жоқ. Зайыбы Мәншүкті, көздің ағы мен қарасындай ұл-қызын, еркелетіп, отбасының барлық жағдайын жасады. Тірліктің ыстығына күйіп, суығына өзі тоңатын. Айналадағы туған тумаластың, жақын жуықтың, тіпті дос-жаранның шаруасына араласып, жұртқа көмектесуге асығып тұратын. Ешкімге жоқ демейтін, жұрттың бәрінің өтінішіне құлақ асып, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын.
Еркебай аға маған үнемі ойланып жүретіндей көрінетін. Қазір есіме алсам, ол адамдарға көп жақсылық жасапты. Ауруханаға күн санап түсіп жатқан науқастарға ем-домын қолданып, олардың сырқаттарынан айығып кетулері үшін қолынан келгеннің бәрін жасау оңай ма?! Мен көрген, білген жерде сырқаттары сыздатқан жандардың көңіліне қарап, жұмсақ қолдарымен, мейірімді жүрегімен емдепті. Демек, бала жүректегі аппақ армандар оны алдаған жоқ. Ерекең дәрігерлік антына адал болды, әке деген асқақ атын төмендеткен жоқ, тумалас деген намысты атына кір келтірген жоқ, дос деген дәрежелі атын аяққа басқан жоқ, жүректерге қуаныш сыйлады, үміттерге сәуле шашты, ол қысқа өміріндегі адамдық миссиясын жоғары деңгейде атқарды.
Мен білетін Еркебай Сүйінов Алланың берген тағдырын кешіп, көзі тірісінде адамдарға тек жақсылық жасап, көптің алғысын алып, жақсы адам ретінде өмір сүріп, 54 жасында 2024 жылдың 8 сәуір күні бұл дүниеден өтті. Абзал жан, ақ халатты, ақ жүректі дәрігер мынау тәтті өмірге тоймастан, кішкентай ұл мен қыздарына, туған бауырлар, сыйлас әріптестер мен қимас жақын-жуыққа бір бұрылмастан кете барды. Өмірі қысқа болса да, көңілі кең болды, жақсылығы мол болды, абыройы зор болды, еңбегі көп болды, жамандығы жоқ болды...
Хош, жақсы адам, бақұл бол, аты алтын әріптерге лайықты нағыз дәрігер-Еркебай Сүйінов! Тірлігіңізде алмаған жақсы атақ та, марапат та, енді сізге керексіз. Бірақ, жақсыларды жас ұрпаққа үлгі етіп, туған елдің жадында қалдыру үшін сіздің енді мәңгілік ғұмырыңыз басталса деп тілеймін. Жақсы адамдарды ұмытуға болмайды. Олар ұмытылмайды.
Анар Шамшадинова
Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының мүшесі
15.04.2024
Ақтау қаласы