Дирижер қыз басқарған оркестрдің видеосы әлеуметтік желіде танымалдыққа ие болып, instagram желісінде миллионнан аса қаралым жинады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Желі қолданушылары арасында кең тараған видеода ол өнер колледжінің студенттік оркестрін басқарып, өзінің іс-қимылы мен эмоциясын сөзбен сипаттап, көңілді етіп жазып шыққан. Осы әрекеті көпшілікке ұнап, оқырмандардың жылы пікірі мен ықыласына бөленген.
Қоғамда дирижер мамандығын таңдаған нәзік жандылар сирек кездеседі. Түпқараған ауданының тумасы Дана Дидардың негізгі мамандығы домбырашы. Ол төрт жасынан, яғни балабақша жасынан бастап домбыра тартуды жақсы көрген. Қазір Маңғыстау Өнер колледжінің төртінші курсында оқиды.
Дана Дидар елімізге белгілі халықаралық, республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты Бауыржан Кубенгалиевтан үлгі тұтатынын жасырмады. Ал дирижерлық бойынша ұстазы – Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рахат Мадреев.
- Видеодағы өнер көрсетіп жатқан сәтте қобалжығанымды жасырмаймын. Қобыз партиясын беруді де ұмытып кете жаздадым. Ең қиын сәт флейта болды. Музыкалық туынды дұрыс орындалды деген ойдамын, - дейді ол.