Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылындағы автомобиль жолының жөндеу жұмысы жыл соңына дейін толық аяқталады. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына тұрғынның жолдаған өтінішіне жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әлеуметтік қолданушысы «Маңғыстау-5» ауылына бұрылыстағы екі асфальт жол тегіс емес екенін айтып, мәселенің шешілуін сұраған. Сондай-ақ, әр көшеге кіретін бұрылыстарда ескі жол мен жаңа жолдың қосылған жері де жөнделсе деген өтінішін білдірген.
Тұрғынның өтінішіне Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері жауап беріп, мәселенің шешілу барысынан хабардар етті. Жауапты мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, автомобиль жолының жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Жыл соңына дейін жолдарды жөндеу толығымен аяқталып, кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.