Жаңа оқу жылында Мұнайлы ауданында екі мектептің әрқайсысында 15 бірінші сынып ашылып, А әрпінен басталған тізім Л әрпінен дейін жалғасты. Ал аудандағы өзге мектептерде бірінші сынып саны салыстырмалы түрде аз, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
Биыл аймақта 182 мыңнан астам оқушы 188 мектепте жаңа оқу жылын бастады. Оның ішінде 20 284 бала 1 сыныпқа қабылданып отыр. Айта кетерлігі, мектеп оқушыларының саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға көбейген көрінеді. Ал соңғы 3 жылда 15 пайызға арқаны анық байқалды.
Бірінші сынып оқушыларын мектепке қабылдау бойынша Мұнайлы ауданында жоғары көрсеткіш тіркеліп отыр. Мәселен, аудандағы №12 және №15 мектептерде 15 бірінші сынып ашылған. Сыныптарды әріп бойынша бөлуде аталған білім ошақтарында А әрпінен басталған тізім Л-ға дейін созылған.
Облыстық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, әзірге тек шамадан тыс көп бірінші оқушылары Мұнайлыда ғана анықталған. Өңірдегі қалған қала мен аудандардағы білім беру мекемелеріндегі бірінші сынып жеткіншектеріне қатысты сынып саны алдағы күндері нақтыланбақ көрінеді.
Редакция бұл туралы бірінші сыныпқа қабылдау аяқталған 1 тамызда сұраныс берген еді. Алайда басқарма мамандары, оқушылар саны әлі де өзге өңірлерден келген және басқа мектептен ауысушылар санымен толығатынын алға тартты. Кейін жаңа оқу жылы басталғанда беретінін айтқанымен, оның мерзімі тағы ұзарып отыр.
«Біз ондай мәліметті қазір бере алмаймыз. Себебі, бесінші қыркүйекке дейін қозғалыс жүреді. Қазір нақты санын айтсақ, кейбір оқушылар басқа мектепке ауысып кетуі мүмкін. Қозғалыс тоқтағаннан кейін оныншы кыркүйекте нақты мәліметті жариялай аламыз. Қазіргі уақытта біз келген оқушыларды жинап жатырмыз», - деді білім басқармасының мамандары.