Аймақ әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жолдаған Мұнайлы ауданы, Маңғыстау 4 уылының тұрғындары саябақ алаңын қашан салып беретінін сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл тұрғынының айтуынша, Маңғыстау-4 (Шеркала) ауылында 2 жыл бойы саябақ алаңының құрылысы толық аяқталмаған.
- Саябақ алаңы қашан салынады? Балаларды жолдарда көлік қағып кетуін күтіп жүрсіздер ме? – дейді тұрғын.
Ал Маңғыстау ауылы әкімдігі саябақтың құрылысын аяқтау үшін сметалық құжаттама қайта жасақталғанын айтты. Өйткені, кейінгі үш жылда жеңімпаз болған мердігер мекемелер тарапынан құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты құрылыс жұмыстары жүргізілмей қалған.
- Қазіргі таңда қаржысы осы жылға бөлініп, аудандық ТҮКШ ЖК және АЖ бөліміне конкурс өткізуге ұсыныс берілді. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары қайта басталатын болады, - деп жауап берді ауыл әкімдігі.