Бүгін Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев Батыр ауылында салынып жатқан автомобиль жолының құрылысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір ауылдық округте 23,5 шақырымды құрайтын автомобиль жолы салынып жатыр. Мұндағы 11,2 шақырым жол Хазар, Астана, Алматы және Болашақ шағын аудандарының 4-9 көшелерінің қиылыстарын қамтиды. Ал қалған 12,3 шақырым - Шерқала, Самал, Тамшалы шағын аудандарына тиесілі.
Аталған жол құрылысы шілде айында басталған. Қазіргі сәтте жолды сүрлеу, тегістеу жұмысы жүріп жатыр. Бұл – ауданда «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жоба.
Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Руслан Ершаевтың айтуынша, жол жыл соңына дейін беріледі. Себебі, келісім шартқа сәйкес жоба басталған сәттен бастап бес ай ішінде аяқталуы тиіс.
Жол құрылысын бақылауға барған аудан басшысы жобаны сапалы болуына аса мән беруді жүктеді. Өйткені, жүргізушілер мен аудан тұрғындарының қолайлы жүріп-тұруы – ең басты назарда.
Сондай-ақ, Ержан Көпжасарұлы Батыр ауылындағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын қадағалап шықты.