Қазір Мұнайлыда асфальт төселген жолдар 37 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жобаны жүз пайызға жеткізу үшін аудан әкімдігі жұмыс қарқынын арттырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл аудан аумағына «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында барлығы 70,6 шақырым жол төсеу жоспарланған. Қазір Атамекен ауылдық округінде 2,4, Басқұдық ауылдық округінде 2,5, Батыр ауылдық округі бойынша 23,5, Маңғыстау ауылындағы «Айрақты» тұрғын массивінің бес көшесіне 4,4 шақырым автомобиль жолының құрылысы басталып кетті.
Қазіргі уақытта, аталған жолдарға асфальт жабындысын дайындау, алғашқы қабатын төсеу жұмысы жүріп жатыр. Содан соң, ең маңызды екі қабаты төсеп, тұрғындар игілігіне береді.
Аталған жоба жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Жолдардың қалған бөлігі өтпелі кезеңмен алдағы жылдары төселеді.