Мұнайлы ауданына қарасты Атамекеннің ауылішілік көшелеріне 38 шақырым асфальт жол салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналында Атамекен ауылының әкімі Нұрхан Мұстафаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы өзі тұратын елдімекеннің ауыл ішіндегі жолдарына, соның ішінде «Жалын» тұрғын үй массивіне асфальт төсеуді сұрап, сауал жолдаған. Тұрғынның сауалына Атамекен ауылының әкімі Нұрхан Мұстафаев жауап берді. Оның айтуынша, ауылішілік көшенің 38 шақырымына асфальт жол салу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған.
«Тиісті жобаны қолға алғаннан кейін шұғыл түрде құрылыс салу үшін бюджеттік өтінім жасаймыз. Осы 38 шақырымның ішінде «Жалын» тұрғын массивінің жолы да бар», - деді ауыл әкімі.
Сонымен қатар ауылдағы «Ару» мейрамханасынан бастап «Шағала» тұрғын массивіне дейін ұзындығы 3,3 шақырым асфальт жолды қайта құрылымдау жұмыстарын 2023 жылы жүргізу жоспарланған.