Маңғыстау облысында 2022 жылдың 8 айында туберкулезбен 222 науқас тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 29,3% болған, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқатқа шалдыққандар саны 11 адамға өскені байқалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ағымдағы жылдың 8 айында балалар арасында туберкулезбен ауыратын 10 жағдай тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 адамға (былтыр – 9 адам) өсу байқалады.
Туберкулездің алдын алу жолдары: салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, үй-жайларды тазалау және желдетіп тұру, үй жануарларын дұрыс күту, жеке бас гигиенасын сақтау.
Сонымен қатар, алдын алудың тағы бір жолы - туберкулезге қарсы вакцинация.
Туберкулезге қарсы егу перзентханада жүргізіледі, сондай-ақ дені сау жаңа туған нәрестелерге 1-4 күнде және 6 жастағы балаларда (1-сынып оқушыларына ревакцинация) жүргізіледі.
– Ауруды дер кезінде анықтау және туберкулездің алдын алу мақсатында Маңғыстау облысындағы 1-сынып оқушыларының ата-аналарына диагностикалық Манту сынамасынан және БЦЖ ревакцинациясынан өтуді ұсынамыз. Ата-аналар, балаларыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет және туберкулездің алдын алу мақсатында 2022 жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысы бойынша 1-сынып оқушылары арасында Манту сынамасы арқылы БЦЖ вакцинациясына қатысуға шақырамыз- дейді Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламада.