Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігімен 64 жастағы науқас шұғыл түрде жатқызылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқас қатты әлсіздікке, ентігуге, аяқтың ісінуіне шағымданды.
Кардиохирургтың айтуынша, тексеру кезінде III дәрежелі артериялық қақпақшаның жеткіліксіздігі және эхокардиографияда көтерілген қолқаның және қолқа түбірінің ұлғаюы анықталды. Әдетте, ол 3,5 болуы керек еді, ал науқаста 6,5-ке дейін кеңейіп кеткен.
- Сол жақ қарынша миокардының жиырылу қабілеті бұзылған, шығару фракциясы - 28%, бұл қалыптыдан төмен көрсеткіш. Науқас операция алдындағы дайындықтан өтті, эхокардиографияда да II және III дәрежелі митральды қақпақшаның жеткіліксіздігі анықталды. Клапанды сақтау мақсатында Дэвид операциясы жасалды, содан кейін митральды қақпақша пластикасы жасалды. Операция шамамен төрт сағатқа созылды. Науқас екінші күні мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылды, жетінші күні шығарылды. Операциядан соң науқас өзін жақсы сезінді, көрсеткіштер қалыпты диапазонда болды. Әрі қарай науқасты оңалту кезеңі күтіп тұр, – дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы кардиохирургиялық орталығының меңгерушісі Талғат Жақиев.
Айта кетейік, Дэвид операциясын атақты кардиохирург Тайрон Дэвид әзірлеген. Бұл - өзінің қолқа қақпағын сақтай отырып, қолқа түбірін ауыстыратын жетілдірілген хирургиялық әдіс.
Медициналық көмек пациенттердің санатына қарай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.