Маңғыстау облысында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен биыл 1,8 миллиард теңге қаржыға 8 жоба іске асырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тамыз айында Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан заманауи гипотермия аппараты мен энцефалография мониторын алды. Орталық директоры Жапырақ Епенова аталмыш уақыт ішінде аппарат бес жаңа туған нәрестенің өмірі мен денсаулығын сақтап қалғанын жеткізді. Жобаның жалпы құны 132 миллион теңгені құрап отыр.
«Маңғыстау облысы туу көрсеткішінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Бес жыл бұрынғы көрсеткіш бойынша 19 500 бала дүниеге келетін болса, қазір ол меже 23 500 балаға жетіп отыр. Оның сегіз мыңы осында босанады. Біз үшінші деңгейлі стационар болғандықтан ауыр дәрежелі патологиясы бар аналар, олармен қоса сәбилер, оларға жасалатын оталар осы жерде жүргізіледі. Сондықтан бізде осы аппаратқа деген қажеттілік болды. Жағдайы ауыр дәрежедегі аналар мен сәбилер шоғырланғандықтан жаңа технологиялармен қатар медициналық қондырғылармен жабдықталып отыруы керек. Биылғы жетістік басқарылатын терапевтік гипотермиялық аппараты сәбилер үшін аса қажет. Сондықтан балалар болашақта гепоксия салдары азаяды немесе білінбейді. Бұл балалар арасында мүгедектік деңгейін азайтып, өлімнің алдын алады. Сондықтан үлесі елеулі», - деді орталық директоры Жапырақ Епенова.
Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа бөлінген қаражаттың көп болуы кездейсоқ емес. «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниялары мен кәсіпорындарының облыс өміріне белсенді араласу жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы мен экономикалық тұрақтылығына септігін тигізеді.
«Маңғыстау облысында өте керек гипотермия аппараты үшін алғысымызды айтамыз. Осындай маңызды жобаларды жүзеге асырып отырған «Самұрық-Қазына», «AYALA» және «Қамқорлық» қорларына үлкен рахмет. Алдағы уақытта да серіктестігіміз жалғасын таба берсін!» - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.