Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров, басқарма басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, аудан, қала, облыстағы медицина ұйымдарының басшылары мен аурухана дәрігерлерінің қатысуымен алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс тық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аурухана директоры Жәнібек Әжмұханов өткен жылды қорытындылап, 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Алдымен кардиохирургилық орталықтың жұмысына тоқталды.
- Кардиохирургиялық орталықта біз жүрекке миниинвазивті ота жасау тәжірибесін енгіздік. Бүгінгі таңда бұл бүкіл әлемдегі ең жақсы тәжірибелердің бірі саналады. Маңғыстау облысында, батыс өңірде алғаш рет қолқа қақпақшасын имплантациялау бойынша жоғары технологиялық транскатетерлік операция (Tavi) жүргізілді. Бұл үлкен жетістік деп айта аламыз. Алдағы уақытта ота жасау деңгейін бірнеше есеге арттырамыз. Өңір халқын кардиохирургиялық көмекпен қамтуды жоспарлап отырмыз, - деді Жәнібек Әжмұханов.
Жиын барысында аурухана директоры нейроинсульт орталығы бойынша сөз қозғады. 2022 жылы шығарылған пациенттердің саны 210 адамға өсті, бұл 14% құрайды. Неврология бойынша өсім 24 %, инсульт бойынша 10% құрап отыр. Өлім - жітім көрсеткіші төмендеді. Мәселен, 2021 жылы - 7,9% болса, 2022 жылы-6,63% құрады.
- Бүгінгі күні біз нейрохирургиямен нейроинсульттік орталықты біріктірдік. 2021 жылмен салыстырғанда шұғыл операциялар саны азайды. Бірақ жоспарлы оталар іс жүзінде екі есе өсті, - деді Жәнібек Әжмұханов.
Облыстық ауруханада сыртқаттарды емдеуде жаңа технологиялар енгізілді. Астана, Алматы және Шымкент қаласынан мамандар шақырылды.
- Жалпы терапия орталығына тоқталсақ. Орталық бірнеше профиль бойынша жұмыс істейді. Пульмонология, ревматология, нефрология, эндокринология, гастроэнтерология, аллергология және гематология. Реанимация жағдайында барлық емдеу түрі қарастырылған.
- Хирургия орталығына тоқталсақ. Бүгінгі күні ең көп жұмыс істейтін бөлімшелердің бірі, хирургия орталығы. Біз Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарында хирургиялық көмекті дамыту қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, шұғыл операциялар жүргізу үшін мобильді эндоскопиялық бригада құру қажет, - деді Жәнібек Әжмұханов.
Жиын соңында басқарма басшысы аурухана директорына бірнеше тапсырмалар жүктеді. Аурухана дәрігерлерін оқытып, білімін жетілдіру курстарына үздіксіз жіберіп отыруды тапсырды. Кадр мәселесі өзекті өңірге дәрігерлерді тарту қажеттігін айтты. Бүгінде аймақта дәрігер мамандығына түсу үшін жоғары оқу орнына тиісті деңгейде гранттар бөлініп жатыр. Соған сәйкес аурухана дәрігерлері мектептермен тығыз байланыс жасап, медицина саласына түсуге ниетті түлектермен кездесіп, пікір алмасу қажет деді. Сондай-ақ, басқарма басшысы аурухана дәрігерлерін аудандарға жіберіп, бар білгендерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуды тапсырды. Аудандағы кураторлық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Алқа мәжілісі өз деңгейінде аяқталды.