© Суретті түсірген Т. Құсайын
Маңғыстау облысында бүгінгі күнге дейін зертхана арқылы дәлелденген тұмаудың 99 жағдайы тіркелді,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев хабарлады.
Спикердің айтуынша, оның ішінде 88 ересек адам болса, 11-і 14 жасқа дейінгі бала. 88 ересек адамның ішіндегі - 57 жүкті әйелдер.
-Өткен 2021-2022 жылдың эпидемиологиялық маусымының осы кезеңінде тұмаудың 101 жағдайы тіркеліп, салыстырмалы түрде аурудың деңгейі төмендеп отыр. Тіркелген тұмаудың 99 жағдайының 67-сі Ақтау қаласынан, 26 жағдайы- Мұнайлы ауданынан және 6 жағдай - Түпқараған ауданынан тіркелді. Тұмау вирусын жұқтырып алу өте оңай. Бұл аурудың соңы пневмония мен менингитке дейін созылмалы аурулардың асқынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, тұмаудан қорғану мақсатында әлеуметтік қашықтық пен жеке гигиена ережелерін сақтап, вакцина алған жөн,- деді Бердібек Саралтаев.
Спикердің айтуынша, бұл ауруға қарсы егу үшін жыл сайын тұрақты түрде жергілікті бюджеттен қаржат бөлінеді.
Атап айтсақ, биылғы 2022-2023 жж эпидемиялық маусымға тұмау ауруына қарсы вакцинаға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 90 000 доза «Гриппол плюс» вакцинасы (өндіруші – Ресей) сатып алынып, облыс тұрғындарына егілді, яғни тұрғындардың 11,9% -ы егумен қамтылған. Егілгендер арасынан вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ.