Өңірде қызылша жұқтырғандар саны артты. Оның белсенді ошақтары облыстағы 180 мектептің 67-сінен (37%) , ал мектепке дейінгі 367 балабақшаның 64-інен (17,4%) табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыста биыл 4 желтоқсанға дейін қызылша ауруының 3 319 күдікті жағдайы тіркелген. Оның 1 672-сі дәлелденді, атап айтқанда Ақтауда – 421 жағдай, Жаңаөзенде – 452 жағдай, Түпқараған ауданында – 87 жағдай, Қарақия ауданында – 223 жағдай, Маңғыстау ауданында – 76 жағдай, Бейнеу ауданында –13 жағдай және Мұнайлы ауданында 400 жағдай тіркелді.
Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің айтуы бойынша облыста 188 мектеп оқушысы мен 99 балабақша тәрбиеленушісі қызылшаны жұқтырған.
- Ауырған балалармен қарым-қатынасқа түскен 4 768 бала анықталып отыр. Яғни ауру деңгейі одан әрі өршуі мүмкін. Қарым-қатынаста болғандардың арасынан екпесі жоқ, эпидемиялық көрсеткіш бойынша егілуге тиісті 391 бала анықталды. Оның 32,2%-ы, яғни 126 балаға қызылшаға қарсы екпе егілді. Ал 118 бала (30,1%) медициналық қарсылықтар көрсетілімімен екпе алмады. Қалған 147 баланың (37,5%) ата-анасы екпеден өз еріктерімен бас тартты,- делінген облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, қосымша жаппай иммундау жұмысы биыл 13 қарашада басталған. Ол жұмыстар бойынша облыста екпе алуы тиіс контингенттер саны – 55 029. Оның ішінде:
- 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 14 300;
- 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 36 950 (оның ішінде 2 жас – 4 869, 3 жас - 16 845, 4 жас – 15 236);
- 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің саны – 3779.
Роза Әділханқызы