Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, су шаруашылығы нысандарының жағдайымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты gov.kz-ке сілтеме жасап.
Алдымен, Құйылыс-Меловое жерасы су орнынан Каспий су тұщыту зауытына дейінгі 46 шақырым құбыр желісін реконструкциялау жұмысын барып көрді. Министрлік тарапынан маңызды жобаға қолдау көрсетілді. Нұржан Нұржігітов мердігер мекеме басшылығына құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы орындап, 2024 жылдың жазында аяқтауды тапсырды.
Себебі, Ақтау қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердегі қарқынды құрылыс пен халық санының артуына байланысты жаз айларында облыста ауыз суға сұраныс еселеп артады.
Одан кейін, Құйылыс жерасты орнынан су алатын ұңғымаларды барып көрді. Мұнда тәулігіне 46,1 мың текше метр су алу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта жалпы саны 57 ұңғыма пайдаланылады. Жерасты су орны жақын маңдағы елді мекендер үшін шаруашылық-ауыз судың негізгі көзі болып табылады. Сондай-ақ «Каспий» су тұщыту зауытының шикізат көзі ретінде де пайдаланылады.
Жұмыс сапары аясында министр «Каспий» су тұщыту зауытының өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру жобасын іске асыру барысымен танысты. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 80% аяқталды. Қазір технологиялық жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт теңіз суын тұщытып, тұрғындарды тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Министр Ақтауда ауыз су дайындайтын «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аралап, зертханасымен танысты. Мұнда дистилденген теңіз суынан арнайы технология бойынша ауыз су жасалады. Судың сапасын мекеменің аккредиттелген химиялық зертханалары бақылайды.
Өңірге жұмыс сапары аясында министр «Қазсушар» РМК Маңғыстау филиалының ұжымымен кездесті. Жиынға жергілікті облыс әкімдігінің өкілдері де қатысты. Нұржан Нұржігітов баяндамаларды тыңдаған соң, министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
Нұржан Нұржігітов Маңғыстау облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыстық әкімдікте жиын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары, су шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері мен жауапты сала басшылары қатысты.
Жиында Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру, су саласына білікті кадрларды тарту, халықты сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер қарастырылды.
«Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін мәселе жіті бақылауда болуы керек. Министрлік республика бойынша бассейндік инспекция қызметкерлерінің санын 144 адамға ұлғайтып, олардың құзыретін арттырды. Бүгінгі таңда барлық облыс орталықтарында бөлімшелерін ашып жатырмыз. Барлығымыз да ортақ мүдде - тұрғындарды тұрақты түрде және сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз. Сол себепті, су шаруашылығы мекелері мен жергілікті атқарушы органдарға өзара дұрыс кері байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырамын. Министрлік өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.