Тұщыбек ауылында орналасқан су цехында 0,5 литр, 1 литр, 1,5 литр және 5 литрлік ыдыстарға Қайнар бұлақ жерінен қазылған ұңғыманың таза суы құйылады. Аталған өндіріс орны таза жерасты суынан өндірілген өнімді нарыққа шығарып, бірнеше ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отыр, - дейді mangystaumedia.kz сайты.
Су шығаруды қолға алған Ерлан Әбдрахмановтың айтуынша, қазір кәсіпкерлік нысанда бөтелкені қыздыратын, үретін, тазалайтын, ыдыстарға су құятын, қақпақпен аузын бекітетін, сыртына тауар белгісін жабыстыратын аппараттар қойылған.
- Күніне 1500 литр шамасында суды арнайы ыдыстарға құйып дайындаймыз. Сұранысқа қарай одан да көп мөлшерде өнім өндіруге су қоры жеткілікті деді, - су шығару шебері Марғұлан Сүгіров.
"Қайнар су" белгісімен отандық өнім шығарып жатқан кәсіпорынға Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов барып, жұмысымен танысты.
- Кәсіпкерлікті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бүгінгі күннің талабы. Берекесін кәсіптен тапқан кәсіпкерлер бастамасына барынша қолдау көрсету керек, - деді аудан әкімі.