Қарақия ауданындағы Мұнайшы ауылының Атшабар алаңында «Тәуелсіздік күніне» орай, жастар арасында көкпар және аударыспақтан турнир өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бұл жөнінде Маңғыстау облысының көкпар және аударыспақтан аға жаттықтырушысы Ербол Ермағамбетов мәлімдеді.
Жарыстың мақсаты –
келесі жылы өтетін республикалық чемпионатқа жастарды іріктеу. Турнирге облыстағы бес аудан, екі қаладан 2000-2005 жыл арасындағы жастар қатысып, бақ сынайды.
- Аударыспақ және көкпар — спортшыдан батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Аударыспақта екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады. Аударыспақ шеңберінің аумағы 15 метр болса, белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Жарыс ережеге сәйкес 52, 57, 62, 68, 74, 82, 91, + 91кг салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі, - деді Ербол Ермағамбетов.
Спикердің айтуынша, аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы жағында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.
Сонымен қатар, жаттықтырушы көкпар ойынының ережесі мен алаңының өлшемдерін айтып өтті. Атап айтқанда, көкпар алаңының ұзындығы 220 метр, ені 70 метр. Ойында қарсыласының шеңберіне ең көп салым салған команда жеңімпаз болып танылады. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады.
Айта кетейік, шара 26-қараша күні сағат 10:00-де басталады. Көкпардан іріктелген 12 спортшы және аударыспақтан 8 спортшы 2023 жылы өтетін республикалық чемпионатта өңір намысын қорғайтын болады.