Ақтауда транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркияның сыртқы істер министрлері кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осы кезедсуде еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Оның айтуынша, кәсіпорын ортақ оператор ретінде маршруттың барлық кезеңінде тариф пен қызметтердің бірыңғай стандартын ұсынатын болады.
Министрдің айтуынша, биыл 10 айдың көлемінде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы ТХКБ бойынша шамамен 1,5 млн тонна тасымалданған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте контейнерлік тасымалдау көлемінің өсу серпіні 55 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ Қ.Өскенбаев қазіргі уақытта ТХКБ көлік инфрақұрылымы 6 млн тоннаға жуық, оның ішінде 80 мың жиырма футтық эквивалент тасымалдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жүктерді тасымалдау көлемінің күрт өсуімен маршрутта «тар жерлер» анықталған. Осыған байланысты мүдделі елдер арасында 2022-2027 жылдарға арналған «тар жерлерді» синхронды жою және орта дәлізді дамыту жөніндегі Жол картасын құру бастамасы көтерілді.
Сонымен қатар министр Еуропалық Одақтың маршрутты дамытуға қаржылай қолдау көрсету ниеті туралы мәлім етті.
«2021 жылдың 1 желтоқсанында Еуропалық Комиссия мен ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Global Gateway бастамасын іске қосты. Бұл цифрландыру, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және зерттеу сияқты салаларда жоғары технологиялық, экологиялық және қауіпсіз жаһандық байланыстарды дамытудың жаңа еуропалық стратегиясы. Аталған стратегияны іске асыру үшін ЕО ТХКБ дамытуға инвестиция салуды жоспарлап отыр», – деді Қ.Өскенбаев.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүктерді тасымалдаудың бірнеше есе өскенін атап өтіп, аталған халықаралық маршруттың өткізу қабілетін кеңейту үшін Қазақстан тарапынан қабылданған шаралар туралы баяндады.
ҚР ИИДМ басшысы аталған маршруттың өткізу қабілетін кеңейту мақсатында теміржол желісі мен порт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ порттардың акваторияларында теңіз түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Контейнерлік паркті және жеке паром флотын толықтыру, сондай-ақ шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету мәселелері қарастырылуда. Қазақстан бір апта бұрын Достық-Мойынты учаскесінде ұзындығы 836 шақырым екінші жол құрылысын іске асыруға кірісті, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада үшінші шекара өткелін ашу және Бақты-Аягөз жаңа теміржол желісін салу мәселелері пысықталды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Қаражаттың 80 пайызын Еуразиялық даму банкі, ал 20 % - «Қазақстан темір жолы» АҚ береді деп жоспарлануда», – деді министр.