Маңғыстау облысында екі мыңға жуық ерекше күтімді қажет ететін бала бар. Енді олар өзге қалаға бармай-ақ Ақтауда жаңадан ашылған оңалту орталығынан ем алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасы бүгінде балаларға арналған оңалту орталығына айналып отыр. Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасының директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, бұл – өңірдегі алғашқы заманауи оңалту орталығы. Мұнда күндізгі және тәуліктік бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы мен 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған орталық бар.
«Ерте араласу орталығы оңалтудың екінші, үшінші кезеңі бойынша ем жүргізеді. Мұнда ерте анықталған сал аурулары, туа біткен ақаулар мен жарақаттарды ерте анықтап, баланың өмірге бейімін жақсартады. Балалар 14 күн мен 21 күн аралығында емделеді. Тәуліктік бөлімше аудандардан келген балаларға арналған», - дейді Гүлжан Ермекбаева.
Ал екінші орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды емдейді. Бұл орталық әртүрлі ақаулары бар травматологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық, неврологиялық, пульмонологиялық ақауы бар балаларға арналған.
«Орталықтың негізгі мақсаты – әлеуметтік, медициналық және педагогикалық, психологиялық көмек беріп, баланың өмірге бейімін жақсарту. Оңалту орталығына қажетті жабдықтарды алуға жобаның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаржыландырды. Құрал-жабдықтар Германия, АҚШ, Ресейден алынды. Бұл сапалы қызмет көрсетуімізге тікелей септігін тигізеді. Бұған дейін балалар ауруханасының бір бұрышында 16 керуерттік оңалту орталығы жұмыс істеді. Ал қазір орталықта 50 керуерт бар. Тәуліктік бөлімшеде жатқан балалар тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар орталықта ЕДШ кабинеттері, бальнеотерапиялық, сенсорлық, интерактивті, шунгитті және тұзды бөлмелер бар», - дейді оңалту орталығының директоры.
Қазір оңалту орталығының қызметін он шақты бала алып жатыр. Логопед, психолог, дефектолог, эрготерапевт сынды 21 маман балалардың оңалуы үшін қызмет көрсетуде. Директордың айтуынша, мамандардың барлығы Астанада біліктілігін арттырған. Тек балалармен ғана емес, ата-анамен де жұмыс жүргізуді қолға алып жатыр. Себебі балаларға арналған жаттығуларды әрі қарай үйде жалғастыру маңызды.
Айта кетейік, аталған оңалту орталыққа учаскелік педиатрдың жолдамасы арқылы келуге болады. Осылайша, жылына 600 баланы тегін қабылдай алады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА